Індеттің өршуіне байланысты Шымкент әлі де қызыл аймақта тұр. Коронавируспен күресте ақ халатты абзал жандардың еңбектері ескерусіз қалмақ емес. Қалада бастау алған «30 қайырымды іс» жобасы жалғасын тауып келеді. Бұл жолы халық қалаулылары, кәсіпкерлер мен еріктілер жұмыла дәрігерлерге ризашылықтарын білдірді.
Қалалық Жастар мәслихатының депутаты Жасмин Әшімова бастаған еріктілер шаһардағы 36 екпе егу пунктіндегі дәрігерлерге ыстық тамақ пен жеміс үлестірді. Игі іске қалалық мәслихаттың депутаты, фракция мүшесі Қайрат Сүлейменов қолдау көрсетіп, «Пища жизни» дәмхана желісі және қалалық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері ұйытқы болды. Олар алдымен «Медикер» медицина орталығында орналасқан вакцинация бекетінде болды. Еріктілер орталықта таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін екпе егетін дәрігерлерге алғысын жеткізіп, талмай еңбек етіп жатқандары үшін ризашылық білдірді.
Елдегі карантинге байланысты медицина қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Олар ауысымнан-ауысымға жанталасып, отбасына, туған-туыстарына уақыт бөле алмай, талай жанның өміріне араша түсіп, ерлікке пара-пар қызмет атқарып жүр. Сондықтан елдегі қиын-қыстау кезеңде олардың жанынан табылып, барынша қолдау көрсету – қоғамның басты міндеті.
Айта кетейік, қайырымдылық шарасы аясында еріктілер 100-ден астам денсаулық себетін медицина қызметкеріне үлестірді. Себетке ыстық тамақ пен иммунитетті нығайтуға арналған жемістер салынған. Игі шара мұнымен тоқтамайды, алдағы уақытта да дәрігерлерге алғыс айтуды жалғастырылады, деп хабарлайды no-comment.kz.