Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратында «Ұрпақтар арасындағы өзара әрекеттесу және тәжірибе алмасу» тақырыбында мемлекеттік қызмет саласының ардагері Серік Елемесұлы Әуесхановпен мемлекеттік қызметкерлер арасында кездесу өтті.
Жүздесу барысында алғашқы болып сөз бастаған Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату екендігін атап өтті.
«Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер. Сондықтан еліміздің өркендеуі мен дамуы, мемлекеттік қызметшілердің отансүйгіштігіне, патриоттық сезіміне және білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты»,-деді аудан әкімі.
Ал Серік Елемесұлы мемлекеттік қызметкерге оның тәжірибесі, ұқыптылығы, сондай-ақ кәсіби және жеке тұлғалық қасиеттерінің маңыздылығын жеткізді. Қай сала болмасын ең алдымен адалдықты, рухани адамгершілік құндылық талап ететіндігін алға тартып, көп жылдық тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен бірге, жиында халықпен жұмыс кезінде туындайтын күрделенген мәселелерді шешу жолдарын, мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық және әлеуметтік жағдайын көтермелеу бойынша қызметкерлер тарапынан сұрақтарға толық жауап беріліп, ортақ талқылауға салынды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.