Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі әр этнос өкілінің мүддесін қорғаушы ұйым. Ол ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган болып құрылды. Қазақстан қоғамының беріктігіне негіз болар ұлтаралық татулықты қалыптастыру ел тәуелсіздігі жарияланған тұстан бастап қолға алынды десе де болады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев ассамблеяны құру туралы идеясын 1992 жылы Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай саяси институтты құру сол шақтағы көпұлтты, көпконфессиялы қоғамда, егемендігін енді алған ел үшін қажеттілік болғаны рас. Бұл мемлекетті дамытуда мәдениетаралық диалогты нығайтуға, этносаралық қатынастарды шешуге мүмкіндік берді.
Осынау жылдар ішінде Қазақстан халқы ассамблеясы толерантты, қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырды. Құрылым нығайып, қоғамда халық дипломатиясының ерек үлгісі дамыды. Ұлттық саясаттың концептуалды идеологиясы пісіп жетілді. Әсіресе, қазақ халқының ұлт ретіндегі рухының қайта жаңғырылуы, тарихымыз бен тіліміздің, мәдениет, салт-дәстүрдің дамуына негіз болды. Елдегі 130-дан астам этнос өкілдерінің мүддесі қорғалып, жалпыұлттық тұрақтылық арқылы сындарлы мемлекеттік саясат іске асты.
Өз тарихында Ассамблея Президент жанындағы құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті.
Ал 2007 жылы мамыр айында ел Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді. ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығын иеленді. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты.
2008 жылғы 20 қаңтарда Ел Президенті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы заңға қол қойды. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналғанының көрінісі. Оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды.
Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан халықтарының кіші Ассамблеясы) 1995 жылдан бастап, облыс әкімі аппаратының құрылымдық бөлімі ретінде жұмыс істеді. Қала аумағында облыстық деңгейде 20 этномәдени бірлестік тіркеліп, мемлекеттік саясат аясында жергілікті биліктің қолдауымен этностар мәдениеті мен ана тілін сақтап, дамуға және қазақстандық патриотизмді насихаттауға белсене атсалысып келді.

2018 жылғы 19 маусымда Шымкент қаласы Президент Жарлығымен республикалық деңгейдегі дербес қала болып құрылғаннан кейін еліміздің үшінші мегаполисінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы өз алдына құрылып, оның жанынан әрекет ететін қоғамдық құрылымдар жасақталды. Қала әкімі аппараты құрамындағы қалалық бөлім 2020 жылы қайта жасақталып, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың құрамына еніп, этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім болып қайта құрылды.
Қолданыстағы заң талаптарына сай қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент қаласы ҚХА төрағасы болып саналады. Ал, жергілікті ҚХА қызметіне жетекшілік етіп, жұмысын ұйымдастыратын салаға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жауапты. Ол Шымкент қаласы ҚХА төрағасының орынбасары.
Айта кету керек, төрағаның қоғамдық негіздегі қосымша екі орынбасары бар. Олар жыл сайын ауысып отырады. 2021 жылы бұл лауазымда қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Пак Роза Викторовна мен қалалық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Бочоришвили Заал Резоевич атқарады.
Шымкент – қазақы кең пейілінен арылмаған, сан ұлттың өкілін бауырына басқан, достық пен татулықтың мекені.
Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясында қазір 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ассамблея жанындағы ақсақалдар алқасы, аналар мен іскер әйелдер бірлестігі, жастар қанаты қоғамдағы көптеген келелі мәселелерді талқылауда белсенділік танытып келеді.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде берекелі бірлік жолын жалғап, жемісті жұмыс істеуде.
Қазіргі таңда этносаралық келісімнің Қазақстандық моделін әлем елдері мойындап, үлгі етіп келеді. Жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында татулықты ту етіп, байсалды бастамаларға үнемі қолдау көрсетуде.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мемлекеттік органдар мен барша ел азаматтарына жүктеліп отырған абыройлы міндет.
Бүгінде 1 миллионнан астам шымкенттіктің үштен бір бөлігін этнос өкілдері құрайды. Ырысты ынтымақ жолын жалғау үшін біз «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жемісті еңбек етіп келеміз.
Елбасы еліміздегі тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Өйткені, этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың негізі. Сол себепті Ассамблея қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды орынға ие. Бүгінде орталық жанынан ашылған тегін тіл үйрету курстары жұмыс істейді, - деді Шымкент қаласы ҚХА төрағасының орынбасары, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қалалық ҚХА кеңесінде сөйлеген сөзінде.
Орайы келгенде айта кету керек, әлемде этносаралық қатынастардың түрлі моделдері кездеседі. Мысалы Американың Солтүстігі мен Оңтүстігінде бір-біріне ұқсамайтын өзіндік этносаралық институты қалыптасқан. Еуропа елдерінің бірқатарында, Россия, Қытай сынды тағы басқа елдердің өзіне тән моделдері бар. Ал қазақстандық модельдің өзгелерге ұқсамайтынының мәні этнос өкілдерінің салт-дәстүрін құрметтеу, тарихынан ажыратпау негізге алынғандығы болып отыр. Ежелгі қазақ жерінде өмір сүріп келе жатқан Қазақстан халқы мемлекет құрушы және мемлекет атауына ие ұлт – қазақтар екенін жақсы түсінеді. Унитарлы мемлекет, қоғамды топтастыратын ұлт – қазақ екені айқын. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Оны білу, құрметтеу басты Қазақстан халқына міндет. Тарихтан белгілі қазақ жеріне көптеген этностар кезінде саяси қысым арқылы мәжбүрлі түрде көшіп келген.
Елімізде барлық этностарға өз ана тілін дамытуына шектеу жоқ. Этностық бірлестіктер жанынан кешкі, жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Онда өскелең ұрпағына өз ана тілін ұмытпауы үшін тіл үйрету сабақтары өтіп тұрады. Қазаққа тән кеңпейілділік пен мейірімділікті этнос өкілдері жоғары бағалайды.
Содан да болса керек, Шымкент қаласында өтіп тұратын түрлі мәдени іс-шараларға ассамблея жанындағы этномәдени бірлестіктер белсенді түрде қатысады. «Мектепке жол», «Қайырымдылық істер марафоны» атты сауапты істерде өз үлестерін қосудан ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер шет қалған емес. Асарлатып іс тыңдыруда бір елдің баласындай жұмыла кірісу барлық этномәдени бірлестікке тән қасиет.
Өзгелерде жоқ, дара – қазақстандық моделдің қалыптасуы да осы болар.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қол жеткізген жетістігі де аз емес. Мысалы 1995 жылы сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттілігін 2000 жылғы 1 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтерді. Бұл мемлекет тарихындағы саяси рөлі жоғары бастама ғана емес, көпұлтты Қазақстан халқын ынтымақтастыратын қоғамдық институттың рөлін айқындай түсті.
Шымкентте этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүретінін айғақтайтын ескерткіш белгілер де бар. Мысалы Тәуелсіздік саябағында орналасқан алып Шаңырақ формалы ескерткіш кешені бір елдің тату-тәтті халқының символы. Шаңырақты биік көтеріп тұрған уық санының 131 болуы да тектен тек емес. Ол Қазақстанды мекен еткен этносөкілдерінің бір шаңырақ астындағы тату тұрмысын сипаттайды.
Дәл осындай достық пен татулықты паш еткен ескерткіш Желтоқсан көшесі бойындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимараты алдында да бой көтерген. «Ел бірлігі» ескерткішінің ашылу салтанатына ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев қатысқан.
Тәуелсіз Қазақстан бүгінде тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың мызғымас үлгісін әлемге паш еткен тұғырлы елге айналып отыр, деп хабарлайды no-comment.kz.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...