Мемлекеттік тапсырыспен жан басына қаржыландыру жобасына қатысқан жеке кәсіпкерліктің бірі - ЖК «РИТМ» үйірмесі. Аталған үйірменің жұмысымен қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып танысып, балалардың биін тамашалады.
Мұнда ата-анадан 300 өтінім түскен. Олардың ішінде 140 бала ұлттық би үйірмесіне жазылған болса, 60 бала заманауи биге, 100 бала бал билеріне қатысуға өтініш тастаған. Үйірме Қаратау ауданы «Нұрсат» шағын ауданы 208А үйде орналасқан.
Үйірмеге балаларын алып келген ата-аналармен тілдескен қала әкімі Президент тапсырмасына сәйкес биылғы жылы спорттық және шығармашылық секцияларға жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілгенін атап өтті. Жаңа жоба бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар мемлекеттік тапсырыспен кез-келген спорт секциясына, шығармашылық үйірмесіне тегін бара алатынын түсіндірді.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Х.Есенова осы жылдың 28-ші маусымында шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру қағидасы Artsport.edu.kz сайтында жарияланғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл сайтқа осы күннен бастап, бүгінгі күнге дейін 10 жеке кәсіпкерден 24 өтінім түскен. Заңға сәйкес 8 үйірмеге жұмыс атқаруға рұқсат берілсе, 5 үйірменің құжаты кері қайтарылған. Ал қалған 11 үйірменің құжаттары қаралу үстінде екен. Басқарма басшысы қаладағы жеке кәсіпкерлерді аталған жобаға қатысуға шақырды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.