Бұл туралы Бауыржан Байбектің заңгері өзінің Facebook парақшасында егжей-тегжейлі айтып берді.
Әдеттегідей А.Тәшенова өзінің оқырмандарын Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға талап-арызы бойынша атқарушылық іс жүргізу барысы туралы хабардар етуде.
Оның сөзінше Мамай мен Иманбаева 27 тамызда, яғни шоттарына тыйым салынғаннан кейінгі екінші күні 876 402 теңге көлеміндегі сот шығындарын лезде өтепті.
«Сот шешімін орындамайтыны туралы мәлімдемелері мен қитұрқы әрекеттеріне қарамастан, Мамай мен Иманбаева шешімді мәжбүрлі түрде асығыс орындады. Сонымен, демалыс күндері олардың шоттарынан алынған қаражат сот орындаушысының депозитінде болды. Ал бүгін, бірінші жұмыс күні Б.Байбектің өтініші бойынша қаражат аутизмі бар балаларға жәрдем үшін «Болашақ» корпоративтік қорына аударылды (төлемдер түбіртегі қоса беріліп отыр)», – деді Тәшенова.
Өткен аптада Жанболат Мамай сот шешімін орындаймын деп халықтан ақша жинаған болатын. Қаражат жинайтыны туралы жар салып, акцияны «Садақа» деп атады. Осы акция туралы Байбектің заңгері өзінің пікірін білдіріп те кетті.
«Мамай мен Иманбаева өз еркімен емес, мәжбүрлеу арқылы қоғамға қандай да бір пайдалы нәрсе жасай алды. Бұл арада Мамай тағы бір цирк қойылымын ұйымдастыруға тырысты.
Мамай өзінің бастамаларына «халықтың қолдау білдіретінін» мәлімдеп, небәрі 5 адамнан құралған бар жасағын қарапайым халықтан ақша жинау үшін көшеге шығарды. Алайда оларға қолдарында «Мамай – алаяқ, ұры, сатқын, титушка» деген плакаттары бар адамдар бөгет жасады. Осыдан кейін олардың ешқайсысы қайта көшеге шыққан жоқ. Бұл Мамай мен оның ешқандай қолдауы жоқ жалған партиясы жақтастарының шынайы санын көрсетіп берді», – деп атап өтті заңгер.
Сонымен қатар, Тәшенова өзінің жазбасында сот шешімінің басқа талаптарын – жалған материалдарды алып тастау және оларды теріске шығаруды орындауға қатысты пікірін білдірді.
«27 тамыздан бастап (шешім заңды күшіне енгеннен кейін
10 күнтізбелік күн) Мамай мен Иманбаеваға әр орындалмаған күн үшін 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (5.834 теңге) өсімпұл есептеледі. Ол мәжбүрлеп алынуы, соның ішінде шотты бұғаттау арқылы өндірілуі мүмкін.
2 ай ішінде орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік (қамауға алу немесе айыппұл) туындайды. 6 айдан астам уақыт орындалмаған жағдайда Қылмыстық кодекс іске қосылады – 800 сағаттық қоғамдық жұмыстар, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Осылайша, егер Ж.Мамай мен И.Иманбаева сот шешімін толық орындамаса, онда біз олардың тағы бір басты шоуын – Алматы қаласының көшелерін бірлесіп сыпыруын көруге тәуекел етеміз», – деп ескертті талапкердің адвокаты.
Айта кетейік, бүгін «тікелей эфир» барысында Тәшенова танымал блогерлермен бірге Мамай сотқа ұсынған барлық 2 мың беттік дәлелдеріне тағы бір рет жария түрде шолу жасады. Тікелей эфирге қатысқандар Мамай дәлел деп ұсынған материалдардың негізі жоқ, дәлелге жатпайды деп тапты. Заңгердің айтуынша оның шақыруына қарамастан, Мамай да, Иманбаева да, олардың заңгерлері де, Базарбек те «тікелей эфирге» қатысқан жоқ.