Байбек заңгері: Мамай мен Иманбаева сот шешімін қаласа да, қаламаса да орындайды

Байбек заңгері: Мамай мен Иманбаева сот шешімін қаласа да, қаламаса да орындайды

А.Тәшенова Мамай мен Иманбаева Б.Байбектің ар-намысы мен беделін қорғау туралы арызы бойынша сот шешімін әлі толық орындамағанын жеткізді. Бұл туралы және осы істің басқа да тұстары  бойынша ол өзінің Facebook парақшасында айтып өтті.

Байбек заңгерінің сөзінше Иманбаеваның тағы бір өтірігі әшкере болды. Алдында ол өзінің жақтасы А.Дүйсебаеваның жауапкершілікке тартылуына Б.Байбектің себеп болғанын меңзеп, жұртшылықты кезекті рет қасақана жаңылыстыруға тырысқан болатын. Алайда Тәшенованың Алматы полиция департаментіне жолдаған өтінішіне тәртіп сақшылары А.Дүйсебаеваны жауапкершілікке тартуға оның рұқсат етілмеген митингке қатысуы себеп болған деп жауап беріпті.

Бүгінгі таңда жауапкерлер мәжбүрлі түрде 876 402 теңге көлеміндегі сот шығындарын ғана өтеген екен. Бұл қаражатты Тәшенованың сенім білдірушісі аутизмі бар балаларға қайырымдылық көмек ретінде «Болашақ» корпоративтік қорына аударған болатын. Демек, Мамай мен Иманбаева әлі де сот шешімін толықтай орындамаған.

«Енді Мамай мен Иманбаева Б.Байбекке қатысты жалған материалдарды өшіріп, оларды теріске шығаруға міндетті немесе заңнамамен көзделген тәртіпте жаза тартады.

Сонымен, кеше сот орындаушысы сотқа борышкерлердің әрқайсысынан 27 күн кешіктіргені үшін мемлекеттік кіріс есебіне 54 АЕК (157 518 теңге) сома көлеміндегі өсімпұлды мәжбүрлеп өндіріп алу туралы ұсыным жолдады», – деп тілге тиек етті заңгер.

Тәшенованың сөзінше Б.Байбек әкімшілік және қылмыстық тәртіпте қудалаудан бас тартып, азаматтық іс жүргізу шеңберінде ғана арыз берген болатын. Бірақ заңгер Мамай мен Иманбаева сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылулары мүмкін екендігін айтып өтті.

«Алайда, егер Мамай мен Иманбаева кешірім сұрамаса және жала жабу видеосын жоймаса, онда 27 қазаннан бастап сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу туралы заңға сәйкес борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға (айыппұл салуға немесе қамауға алуға) бастамашылық етеді.

Бұдан әрі, заңнамаға сәйкес атқарушылық іс жүргізу қозғалған күннен бастап 6 ай ішіндегі жауапкерлердің әрекетсіздігі Қылмыстық кодекс шеңберінде жазаға тартуға әкеледі: әрқайсысына 800 сағат көлемінде қоғамдық жұмыстар, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.

Егер Мамай мен Иманбаева істі осыған дейін жеткізсе, біз олардың іс-әрекеттерінің абсолютті принципсіздігі мен әдепсіздігіне, басқалардың конституциялық құқықтарын бұзатын үздіксіз өтіріктеріне қарамастан, адамгершілікпен әрекет етіп, оларға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қолдануды талап етпейміз», – деді Тәшенова.

Заңгер жауапкерлерді тек қоғамдық жұмыстарға тарту туралы өтініш жасайтынын ескертті. Демек, Тәшенованың сөзінше Мамай мен Иманбаеваның жақын арада Алматының көшелерін сыпырып жүргендерін көруіміз мүмкін екен.

«Менің ойымша, бұл заң талаптарын елемейтін адамдар қандай жағдайға түсетінінің айқын мысалы болады.

Сөзімнің соңында айта кетейін. Еліміздің заңдарын елемеу туралы өзінің эпатаждық мәлімдемелеріне қарамастан, Мамай мен Иманбаева сот шешімін орындайтын болады. Мұнда ерекше жағдайлар болуы мүмкін емес. Заң барлығына бірдей!

Б.Байбектің заңгері әрі өкілі ретінде мен Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты соттың заңды шешімінің толық орындалуына қол жеткізетін боламын», – деп нық ескерту жасады Байбектің заңгері.

 

 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...