Бүгін Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінде Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу туралы семинар — кеңес өтті, деп хабарлайды қалалық ақпараттық — коммуникациялық орталығына сілтеме жасаған no-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Оған Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
— Референдум – бұл тікелей демократияның маңызды институты және халықтың тікелей заң шығаруын білдіреді. Бұл — мемлекет және әрбір жекелеген азамат үшін аса маңызды шешімдер қабылдауға жұртшылықтың қатысуының бір тәсілі, — деді Нұрлан Мәжитұлы.
Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, референдумды әзірлеу мен өткізуді референдум комиссиялары жүзеге асырады. Орталық референдум комиссиясы Республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіткен. Бүгінде маңызды шараны әзірлеу жұмыстары Қазақстан Республикасының заңдарына және күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Семинар — кеңес барысында Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков, Шымкент қалалық референдум комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев және өзгелер сөз сөйлеп, дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 317 референдум комиссиясы жұмыс істейді. Оның 1-еуі қалалық — аумақтық, 4-еуі аудандық — аумақтық және қалған 312-сі учаскелік референдум комиссиялары. Қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын референдумда өз таңдауын жасауға шақырамыз, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.