Өткен аптада Балаларды қорғау күні мерекесінде Түркістан қаласында алғаш рет «Жұлдызай» инклюзивті балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған еліміздегі жалғыз инклюзивті балалар шығармашылығы әрі қайырымдылық фестивалінің гала-концертіне 200-ге жуық бала қатысты. Ерекше әрі өнерлі балаларға қолдау көрсетуге Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, жас жұлдыздарды құттықтады.
– Барлық жақсы бастама киелі Түркістанда басталу керек деп ойлаймын. Осы фестивальді жыл сайын Түркістанда өткізсе, мен қолдар едім. Мұндай іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге толық мүмкіндігіміз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматыда Балаларды қорғау күніне арналған іс-шараға қатысып, мемлекет үшін, қоғам үшін балалардың қуанышынан, бақытынан, балардан артық ештеңе жоқ екенін айтты. Біз барлық игі істі балалар үшін жасаймыз. Жаңа ғана бірінші қойылымын көріп, ерекше әсер алдым. Балалар би өнерін керемет меңгерген. Есту қабілеті шектеулі екенін көп адам білмей де қалды. Өте жақсы өнер көрсетіп жатыр. Үлкен рахмет. Әрбір баланың шығармашылығы бізге қуаныш сыйлайды деп ойлаймын. Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Облысымызда, Түркістан қаласында балалар үшін тек Балаларды қорғау күні емес, жылдың барлық күнінде тиісті жағдай, қолдау жасалады деп сендіремін, – деді Өмірзақ Шөкеев.
«Конгресс холл» кешенінің сахнасында лауреаттар өзара және қазақстандық эстрада жұлдыздарымен жұптасып, шығармашылық нөмірлер ұйымдастырды. Гала-концертке Мәдина Сәдуақасова, Тамара Асар, C.Tay, Азат Әбілдаев, Әлинұр Хамзин, Рухия Байдукенова, Қарақат Башанова, «FM» тобы, «Hassak», Qali, «Бастау» тобы, Beibarys және Rise&Abudi сияқты эстрада жұлдыздары қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі балалар мен қонақтар Түркістанның ғажайып сәулетіне тамсанып, тарихи шаһар дами берсін деген тілектерін жеткізді.
Биыл 17-рет ұйымдастырылған «Жұлдызай» фестивалінің гала-концертінде ерекше күтімді қажет ететін балалар би билеп, ән шырқады. Музыкалық аспапта ойнады. Бұл концерт ерекше балалардың шығармашылығы арқылы өнердің шекарасы жоқ екенін дәлелдеді. Жұртшылыққа таланттардың ерекше әлемін көрсету миссиясын орындады. Жобаның бас серіктесі – «BI Group» холдингі, ал ақпараттық серіктесі – «Хабар» телеарнасы. Фестиваль 17 жыл бойы демеушілердің қайырымдылық қаражатына және серіктестердің қолдауымен өткізіліп келеді.