Соңғы жылдары елімізде үлкен теннис қарқынды дамып келеді. Сайыпқырандарымыз халықаралық жарыстарда олжа салып жүр. Солардың бірі – 14 жасқа дейінгі Қазақстанның №1 ракеткасы Заңғар Нұрланұлы. Жас та болса талантымен талайды таңғалдырып жүрген спортшыны Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қабылдап, пікір алмасты.
– Заңғар баламыздан үмітіміз зор. Кездесуді жөн көрдім. Жап-жас болса да, 13-14 жасында елдің атын шығарып жатыр. Түркістан облысы үшін осындай таланттардың орны бөлек. Еуропада атой салып жүрсің. Түркістандық балаларды сен арқылы жігерлендіріп, үлкенн тенниске қызықтыру үшін арнайы шақырып отырмыз, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Үлкен теннистен 14 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Заңғар Нұрланұлы Словакияда өткен Tennis Europe сериясының Baseline Open U14 екінші санатты турнирінің чемпионы атанған. Ол финалда екі жарым сағатқа созылған драмалық бәсекеде Словенияның 14 жасқа дейінгі бірінші ракеткасы Зиго Сешконы 3:6, 6:2, 7:6 есебімен жеңді. Түркістан облысының спортшысы қазір Еуропа рейтингінде үздіктер қатарында тұр. Венгрия, Франция және өзге де мемлекеттердегі додаларда жеңіске жеткен.
– Арманым Қазақстанның Туын желбіретіп, елімді әлемге таныту. Ол үшін көп жұмыс істеу, жаттығу керек, – деген Заңғар Нұрланұлы арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен өңір басшысына ризашылығын білдірді.
Бүгін Түркістанда халықаралық теннис орталығының техникалық ашылуы өтті. Мұнда үлкен тенниспен шұғылдануға барлық жағдай жасалған.