Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев Қажымұқан ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылында салынған жаңа ойын алаңшасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
“Президентіміздің тапсырмасына орай биыл - Балалар жылы болып бекітілген болатын. Қасиетті Құрбан айт мейрамы қарсаңында ауыл балаларының алаңсыз демалысына арналған бұл заманауи ойын алаңшасы бүлдіршіндерге үлкен сыйлық болды.
Ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтардың бұл игі бастамасы көпке үлгі болады деген сенімдемін. Енді су жаңа алаңда балалар жазғы демалысын мәнді де сәнді өткізері анық”, деді аудан әкімі салтанатты жиында.
Айта кетерлігі, Амангелді ауылындағы сырты қоршалған жаңа типтегі балалар ойын алаңшасының құрылыс жұмыстарына аудандық Мәслихатының депутаты Ғани Райымбеков қолдау көрсеткен.
Халық қалаулысының айтуынша, алдағы уақытта алаңшаның жанынан күннен, жауын-шашыннан қорғанатын арнайы қалытқы салынып, онда шахмат үстелдері қойылмақ.
Осылайша ауыл жастары бос уақыттарында интеллектуалды ойын - шахматпен айналыспақ.