Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында Шымкент қаласында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту қолға алынуда. Бұл туралы қала әкімі М.Әйтенов ОКҚ-де өткен брифинг кезінде баяндады.
Бүгінгі таңға аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1500-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл құны 11 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске асып, 369 жұмыс орны ашылады. Жобалар қайта өңдеу, өндірістік жылыжай кешені, сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы мен құс шаруашылығын кеңейтетін болады.
Бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың және 1 көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарлануда.
Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорына бюджет есебінен 7,7 млрд.теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналым қаражаты берілді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Өңірлік тұрақтандыру қорына жергілікті бюджет есебінен жалпы 7,7 млрд. теңге қаралып, кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы 5,7 млрд. теңгеге айналымға қарыз қаражат беріліп, келісім-шарттар түзілген. Жыл соңына дейін қаладағы ірі азық-түлік желілері 115-ке дейін, әлеуметтік дүкендер саны 20-ға дейін және жылжымалы нүктелер саны 10-ға дейін жеткізілетін болады.
Сонымен бірге, құзырлы органдармен бірлесе 10 азық-түлік базардағы делдалдық схемаларды тексеру жұмыстары мен нанның бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында, наубайханаларды төмен бағада ұнмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.