Бүгінде Отбасы банк пен жеке құрылыс компаниялар ипотекалық кредиттерді рәсімдеудің жаңа жағдайлары бойынша өзара келісімшарт жасасқан. Онда сатып алушы пәтердің жалпы сомасының 30 пайызын төлей отырып Отбасы банк арқылы ипотекалық кредит рәсімдей алады. Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, аталған жағымды жаңалықпен бөлісті.
Қала тұрғындары бір жерден құрылыс салушыдан ең өзекті ақпарат пен кеңес ала отырып, Отбасы банктің кеңесшілеріне есептеулер жасатып, қолайлы нұсқаны таңдай алады, тіпті 3 млн теңгеге дейінгі жеңілдікке ие бола алады. Егер келуші тұрғын үйді таңдаса және бірден банк кеңесшілерінен кредитке алдын ала мақұлдау алса, онда жеңілдік алуға болады. Ол 15 минут ішінде жасалады. Жыл басынан бері Шымкенттегі Отбасы банк арқылы 2 мың азаматқа ипотекалық кредит мақұлданған. Бұл күн сайын 10-15 адамның қолжетімді кредитті рәсімдеп, қоныс тойын тойлайтындығын білдіреді.
Шымкентте Отбасы банк арқылы жинақтау және әріқарай тұрғын үй сатып алу үшін тағы 18 мың жаңа салым шоты ашылған. Шотта бастапқы жарнаға қаражат жинақтай отырып, азаматтар тұрғын үй сатып алу үшін 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемелер бойынша кредит алу мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, тұрғын үй сертификаттарын алуға мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілері жоғарыда аталған талаптарға сәйкес қатыса алады.
Айта кету керек, Шымкент қаласының “Арбат” демалыс аумағында өткен жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі 9 шілде күні де жалғасатын болады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.