Әл-Фараби ауданындағы көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталды. Диваев көшесі, төменгі Отырар шағын ауданы 9, 11 үйлердің сығымдау, Бейбітшілік көшесінде ескірген құбырларды жаңасына алмастыры жұмыстары тексерілді.
Әл-Фараби ауданында 672 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 613-і орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Бүгінде оның 35 пайызы жылыту маусымына дайын. Алда бұл бағытта жұмыстар жалғасатын болады.
Тұрғындарға жылыту қондырғылары мен қазандықтардың техникалық жай-күйін, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын алдын ала жүргізіп, тиісті мекемемен келісімшартқа тұру маңызды екенін ескертеміз.
Қаратау ауданында 554 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Оның ішінде 422 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесіне, 132-сі автономды жылу жүйесіне қосылған. Аудан әкімдігі «Қуат жылу орталық-3» мекемесімен бірлесіп, 422 үйге сығымдау жұмыстарын жүргізу жоспарын бекіткен болатын. Жоспарға сәйкес, 422 көп қабатты тұрғын үйдің қысқы дайындығы пысықталатын болады. Бүгінге дейін 131 көп қабатты үйде кестеге сәйкес сығымдау жұмыстары жүргізілді, — дейді аудан әкімі Р.Мүлкеманов.
Мамандардың айтуынша, ауданға қарасты көпқабатты тұрғын үйлердегі сығымдау жұмыстарына бірқатар жауапты мекемелер бекітілген. Қазіргі таңда «ОҚО үйлерді басқару» ЖШС-інің — 3, «Қызметкер СК» ЖШС-інің — 3, «Коммунал Сервис КО» ЖШС-інің —1, ЖК «Исабаева» —1, «Алиаскар Бам Групп» ЖШС-інің 1 арнайы жұмыс бригадасы және ЖК «Әділ», ЖК «Адал хаузинг», ЖК «Қазына» мамандары жұмылдырылған.
Айта кетейік, аудан аумағындағы орталық жылу жүйесіне қарасты 422 көп қабатты үйдің дайындық жұмыстарын қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.