Қала әкімі Абай ауданы Игілік тұрғын алабындағы жоспарланған орташа жөндеу жұмыстарын тексерді.
Мұнда бірқатар көшелерге биыл асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Сергелі, Шеңгелді, Беріктас, Бабата, Атауы жоқ 32,33,34,35 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Игілік тұрғын алабында жалпы 6,8 шақырым жолға асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары көзделген. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.
Айта кетейік, биыл бекітілген жоспарға сәйкес, қаламыздың магистралды көшелерінен бөлек ішкі орам көшелерге көбірек көңіл бөлінуде.
Шымкент қаласының Абай ауданы Игілік тұрғын алабында ауыз су жүйелерінің құрылысы 2020 жылы аяқталған болатын. Ауыз су құбырының ұзындығы – 85,9 шақырым. Құрылысты «СМК и 7 –Ж» ЖШС атқарды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекендегі инженерлік-инфрақұрылым нысандары бойынша атқарылған жұмыстарды пысықтады. Бүгінде құрылысы басталған электр желілерінің жалпы ұзындығы – 25,4 шақырым. Мердігер мекеме құрылысты биыл IV тоқсанда аяқтауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, тұрғын алапта 13,4 шақырым 30 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары орындалды. Мердігер «Асфальт» ЖШС аталған жұмыстарды толығымен аяқтады.
Үшінші мегаполисте қазіргі таңда, электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен «1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.