Бүгін аудан әкімі Нұрбек Бадырақов жеке қабылдауға жазылған азаматтарды қабылдады.
Қажымұқан, Шұбар, Бадам, Бөржар, Төрткөл ауыл округіне қарасты ауыл елді мекендерден келген тұрғындар кәсіпкерлік, тұрғын үй, әлеуметтік көмек, заңсыз жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік қолдау, жұмысқа орналасу мәселесі бойынша өтініш-тілектерін айтып өтті.
Өз кезегінде аудан басшысы Нұрбек Бақтыбайұлы тұрғындардың арыз-шағымдарын мұқият тыңдап, көтерілген мәселелері бойынша тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма берді. Әрі жеке қабылдауда айтылған мәселелердің орындалуы тікелей өз қадағалауында екендігін айтып өтті.
Мәселен, аудан әкімі Қызыл Сеңгір аймағынан элеватор салуға, Төрткөл ауылынан қауын қақ шығару зауытын ашуға 200 гектар жер телімін сұраған ауыл тұрғындарына тиісті заңдық құжаттар әзірлеп, кәсіпкерлік талаптарына сай болған жағдайда өндіріске қажетті жер телімі берілетіндігін жеткізді.
Сондай-ақ, Нұрбек Бақтыбайұлы тұрғын үй кезегіне тұрып, баспана алуға ниетті азаматтардың талап-тілектерін тыңдап, қазіргі таңда аудан көлемінде әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы тоқтап тұрғандығын жеткізді. Ал, үй саламын деген ауыл тұрғындарына тұрғылықты мекен-жайынан бір реттік тұрғын үйлік жер үлесі берілетіндігін айтып өтті.
Аудан басшысы 20 шақты талап-тілектерді жеке-жеке саралап, салаға жауапты әкім орынбасары мен мекеме басшыларына тез арада тұрғындар мәселесін назарға алып, оңды шешім шығаруды тапсырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде аудан әкімінің тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.