Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Спорт күні қарсаңында «Арыс» футбол командасы ойыншыларымен, жаттықтырушылар құрамымен кездесті.
Қалалық Орталық стадионда өткен кездесуде шаһар басшысы ойыншылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Гүлжан Мамытқызы «Арыс» футбол құрамасына әрқашанда жанкүйер болатындығын айтып, жерлестеріміз биылғы біріншілікте үздік командалар қатарынан көрінеді деген сенім білдірді.
Клубтың негізін қалаушысы әрі директоры Ерғазы Медетбеков команданың жеткен жетістіктерін айта келе, барлық қолдау шаралары үшін қала әкіміне алғысын айтты.
Айта кетейік, «Арыс» футбол клубы 2022 жылы құрылды. Клубтың негізін қалаған премьер-лигадағы «Тұранның» құрылуына үлес қосқан, Арысқа танымал спорт шебері - Ерғазы Медетбеков. Команданың бас бапкері Әбдіхалық Бөрібаев. Ол бұған дейін «Тұранды» 2019-2021 жылдар аралығында жаттықтырды. Оның жетекшілігімен «Тұран» (ол кезде «Арыс» деп аталған) алғашқы маусымында Бірінші лигаға жолдама алса, бір жылдан кейін Премьер-лигаға жолдама алды.
Бүгінгі таңда футболдан Қазақстан Республикасының екінші лигасында өнер көрсетіп жатқан «Арыс» футбол клубы 14-тур қорындысы бойынша үшінші орында келеді.
Жерлестеріміз 21 тамыз күні Арыс қаласында орналасқан Орталық стадионда алматылық «Академия 05» клубын қабылдайды. Баршаңызды Арыс футбол клубына жанкүйер болуға шақырамыз!