Бірінші байлық – денсаулық, ал сол денсаулықтың кепілі – спорт. Спорт барлық тәрбие атаулының бір саласы, қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі болғандықтан, мемлекетімізде спорттың бұқаралық сипатын дамытуға ерекше мән беріледі.
Осы орайда, елімізде жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Спортшылар мерекесін атап өту игі дәстүрге айналған.
Бүгін ауданда спорт саласында орын алып жатқан өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасу, шешу жолдарын қарастыру, жас спортшыларға үлгі болу мақсатында аудан басшыларының, атақты спортшылардың қызметі мен өмір жолын үлгі ету мақсатында кездесу өтті.
Іс-шарада ауданның спорт мекемелерінің ұжымы, ардагер спортшылар және спорт мектебінің тәрбиеленушілері болды.
Ақсукент-2 ауылындағы жазғы спорт алаңында еркін форматта өткен кездесуге аудан әкімі Уласбек Садибеков қатысып, алдымен спорт саласының тарихы мен жетістіктеріне арналған көрмемен танысты.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Б.Асқаров кездесуді жүргізіп отырды.
Жүздесу барысында «Ақсукент» спорт клубының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Кадырбек Куатбеков, №1 Сайрам аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ә.Орумбасаровтар спорт саласын жетілдіру бағытында ой-пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді. Түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иелену үшін спортшы жоғары деңгейдегі кәсіби дайындықтан өтеді. Үздік спортшыны жаттықтыру үшін бес жылдан аса уақыт та жұмсалуы мүмкін.
Осы орайда, аудандағы спорт саласын дамытуға қажетті жағдай жасау үшін қаржы қарастыру, сонымен қатар жастарға қолдау көрсету мәселелері де талқыланды.
- Құрметті жастар! Ауданның спорт саласында Мардан Сапарбаев, Махамбет Сапарбаев және Мұхтар Оразалиевтердің есімдері белгілі. Ерен еңбектерімен танылған азаматтар.
Ауданның спорт саласында қажырлы еңбек етіп, көптеген шәкірттерді тәрбиелеп, қолдау көрсеткен ағаларымыз еді. Ендігі кезекте, Сіздерге айтарым, спортпен шұғылдану үшін ең алдымен еңбек, сосын шыдам мен төзім керек. Осындай қасиеттер бойларына сіңген, жергілікті спорт мекемесінде кәсіби деңгейде жаттығып, мемлекетіміздің құндылығы болып табылатын Рәмізіміздің ішінде Көк туымызды Әлемге танытқан спортшыларымыз бар. Атап айтқанда, Бокстан Токио олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Бибосынов Сәкен, Бокстан әскерилер арасында әлем чемпионы Құттыбеков Абзал, каратэден әлем чемпионы Әшім Маржан, бокстан әлем чемпионы Ералиев Қайрат секілді белді спортшыларды атап өткім келеді. Сіздерге және бапкерлеріңізге деген алғысым шексіз. Біз осы спортшыларымызға әрдайым жарыстың өту кезінде жанкүйер боламыз. Олардың жеткен жетістіктері мен жеңістерімен мақтана отырып, жастарға үлгі етеміз. Дендеріңіз сау болсын, алдағы уақытта жеңістеріңіз жалғаса берсін! Спортта осындай жұлдызы жанған жастарымыз көп болсын!".
Бұдан бөлек, жас спортшылар аудан әкіміне спортқа деген көзқарасы қандай, спорттың қай түрімен шұғылданатын сұрады. Сұраққа сәйкес, аудан әкімі спортқа жақын екенін білдірді. Күнделікті өмірде жұмыстан тыс арнайы уақыт бөліп, 1 сағат велоспорт және 10 шақырымға жуық жаяу жүретінін айтты. Әрбір азамат денсаулығы үшін мүмкіндігінше спортқа қызығушылығын танытып, өздігінен спортпен тұрақты шұғылдану керек екенін атап өтті.
Өз кезегінде барлық спорт саласының қызметкерлерін және спортпен шұғылданушыларды «Спорт күні» мерекесімен құттықтап, спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан жаттықтырушылар мен спортшыларды алғыс хаттармен марапаттады.
Спортшылар ұсыныстарын қабыл алып, кездесу кезінде қойылған сұрақтарға ашық жауап бергені үшін аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, спорттық киім сыйлап, бірге естелікке суретке түсті.