Аудан әкімі Мұхит Отаршиев Жемісті ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Алдымен аудан басшысы алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталып, содан кейін алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі таза ауыз сумен қамтамасыз ету, аяқ жол салу, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, шаруаларға жер бөліп беру туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.
Өз кезегінде, аудан басшысы тұрғындардың өтінішіне сәйкес Тың елді мекеніндегі Бірлік көшесіне орташа жөндеу және аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталып, тұрғындардың игілігі үшін пайдалануға беру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Тың елді мекенінен дәрігерлік емхана құрылысын жүргізу үшін ағымдағы жылға тиісті қаржысы қаралып, бүгінгі таңда жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жоба сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті қаржыны бөлдіру үшін облыстық бюджетке ұсынылатын болады.
Кездесуден кейін, аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың тазалық, ағын су және таза ауыз су мәселелері бойынша өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді. Аудан басшысы ауыл тұрғындарын қабылдау барысында ауыл әкімі мен тиісті мекеме басшыларына өтініштерді назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.