Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданы тұрғындарымен жоспарланған есепті кездесуі өтті. 6 айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, тұрғындар сауалына жауап берді.
- Халықпен кездесулер өткізудің 2022 жылға арналған күнтізбелері бекітіліп, тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізілуде. Бұл жаңа әдістің қажеттілігі мен тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Себебі, мен 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткіздім. Жалпы кездесулерде қала тұрғындарынан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалып, 316-ы жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді шешуді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген» - деді М.Әйтенов.
Оның ішінде Абай ауданы тұрғындарымен 18 елдімекенде 63 кездесу өткізген. 216 мәселе көтеріліп, бүгінде 86-сы шешілді, 97-сі орындалуда. 36 мәселе екі жылдық жоспарға енген.
Айта кету керек, әрбір мәселе ауданда құрылған Қоғамдық бақылау кеңесімен мақұлданып, зерделеніп отырды.
Абай ауданында 2021 жылы 11 аулаға жөндеу жұмысы жүргізілген. Одан бөлек, 39 спорт алаңшасы мен 21 балалар ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің аудан тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 32 жоба жүзге асырылады. Осы жоба шеңберінде 17 балалар ойын алаңшасы мен 15 спорт алаңшасы салынады. Бұл үшін 956,1 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Айта кетсек, бүгінгі қала әкімінің кездесуіне Қатын көпір, Солтүстік батыс, Самал-1,2,3, Шұғыла, Нұршуақ, №3,4,8 шағынаудандары мен 112 орам тұрғындары қатысты. Кездесу барысында М.Әйтенов әр тұрғынның сұрағына жауап беріп, көтерліген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтты.
Өткен жылы ауданның аталған секторында 15 ойын алаңшасы пайдалануға берілген. Соның ішінде 7 алаңша тұрғындардың ұсынысы бойынша салынған. Биыл 32 ойын алаңын қолданысқа беру көзделіп отыр. Балалар алаңшасы тұрғындардың өтінімі негізінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында орнатылады. Ал, 2023 жылғы жоспарда 23 балалар ойын алаңшасын пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде үш секторға кіретін 15 шағын аудан 100 пайыз ойын алаңшасымен қамтылады. Сонымен қатар, аталған секторларда биыл 3 жаңа спорт алаңы салынып, 5 алаңшаға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. 2023 жылы 5 спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Ауданның III, IV, V секторына Тәуке хан, Д.Қонаев, Мәделі Қожа, Қазыбек би, М.Дулати, Желтоқсан, І.Іляев, Түркістан, Қабанбай батыр, А.Анаров, Ш.Рашидов көшелері және Қарасу, Ескі қала, Дархан, Шымкент май зауыты (МЖК) шағын аудандары кіреді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.