Қала әкіміне энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков 6 айдағы индикаторлардың орындалуы бойынша есеп берді.
Шымкент қаласын электр қуатымен қамту көрсеткішін биыл 98 пайызға жеткізу жоспарға қойылған. Бұл мақсатта 5 елдімекен – Жаңаталап, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле шағын ауданында және Бозарықта 1 қосалқы станция, «Ақжар» 110 кВ қосалқы станцияларында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал, Ынтымақтағы қосалқы станция, Нұрсат, Қайнарбұлақ, Батыс, Солтүстік саяжай шағын аудандарында құрылыс жүруде, келер жылы аяқталады. Нәтижесінде 2023 жылы қаланың электр қуатымен қамтылу деңгейі 100 пайыздық көрсеткішке жетеді.
Алғашқы жарты жылдықтағы жұмыстар нәтижесінде - Ақжардағы қосалқы станциясы жұмысы 97 %, Сәуле 97 %, Cолтүстік саяжай 88 %, Достық 80 %, Жаңаталап 67 %, Тұран 2-3 64%, Батыс 56 %, Нұртас 50%, Қайнарбұлақ 45 %, Бозарық 45 %, Нұрсат 33% орындалған.
Шымкент қаласы тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту мақсатында елді мекендерде құрылыс жұмысы жалғасуда. Соның бірі – Солтүстік саяжай елді мекені.
Қазіргі уақытта Солтүстік саяжай елді мекенінде 6 мыңға жуық тұрғын қоныстанған.
Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде 4418 электр бағаналары және 22 трансформатор орнатылып, 131 шақырым электр желілері тартылды. Сондай-ақ, қосылу көзі болып табылатын электр тарату станциясы іске қосылуға дайын.
Бекітілген жоспарға сәйкес, атқарылып жатқан жұмыстар ағымдағы жылдың қыркүйек – қазан айларында толық аяқталып, іске қосу жоспарлануда.
Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Айта кетейік, Солтүстік саяжай елді мекені өткен жылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. Ал, табиғи газбен қамту құрылысы «Энергоресурс» ЖШС тарапынан жүргізілуде.
Құрылысы 2023 жылы аяқталып, солтүстік саяжайлықтар келесі жылы көгілдір отынмен қамтылады.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін Руханият көшесі жарықтандырылады.
276 орамда инженерлік жүйелермен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Елді мекенге ауыз су толық жеткізілген. Электр қуатымен қамтуда «Ақсемсерстройсервис» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстарының 65 пайызы орындалды. 2022 жылдың қараша айында толық аяқтау жоспарлануда.