Шымкенттегі Сәуле шағын ауданы, 276-орам тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде құрылыс толығымен аяқталып, жекеменшік желіден электр қуатын тұтынып келген тұрғындар мәселесі шешімін тапты. Енді олар 1 кВт электр энергиясы үшін бұрынғыдай 28 тг емес, 16-17 тг төлейтін болады.
Мұнда 918 электр бағанасы орнатылып, 72 шақырым электр желісі тартылды. Нәтижесінде 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туды.
Осындай ізгі іске ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары: Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев пен Мұратәлі Қалмұратов, сондай-ақ қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері куә болды. Ал, халық жүрекжарды лебіздерін жолдап, алғыс айтты.
Жалпы 276-орамды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды. Өткен жылы ауыз су құбырларын тарту аяқталған. Ал биыл табиғи газ жеткізуде 28 шақырымдық құбыр орнатылып, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Шымкент қаласын электр қуатымен қамту көрсеткішін биыл 98 пайызға жеткізу жоспарға қойылған. Бұл мақсатта 5 елдімекен – Жаңаталап, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле шағын ауданында және Бозарықта 1 қосалқы станция, «Ақжар» 110 кВ қосалқы станцияларында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал, Ынтымақтағы қосалқы станция, Нұрсат, Қайнарбұлақ, Батыс, Солтүстік саяжай шағын аудандарында құрылыс жүруде, келер жылы аяқталады. Нәтижесінде 2023 жылы қаланың электр қуатымен қамтылу деңгейі 100 пайыздық көрсеткішке жетеді.
Алғашқы жарты жылдықтағы жұмыстар нәтижесінде - Ақжардағы қосалқы станциясы жұмысы 97 %, Сәуле 97 %, Cолтүстік саяжай 88 %, Достық 80 %, Жаңаталап 67 %, Тұран 2-3 64%, Батыс 56 %, Нұртас 50%, Қайнарбұлақ 45 %, Бозарық 45 %, Нұрсат 33% орындалған.
Шымкент қаласы тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту мақсатында елді мекендерде құрылыс жұмысы жалғасуда. Соның бірі – Солтүстік саяжай елді мекені.
Қазіргі уақытта Солтүстік саяжай елді мекенінде 6 мыңға жуық тұрғын қоныстанған.
Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде 4418 электр бағаналары және 22 трансформатор орнатылып, 131 шақырым электр желілері тартылды. Сондай-ақ, қосылу көзі болып табылатын электр тарату станциясы іске қосылуға дайын.
Бекітілген жоспарға сәйкес, атқарылып жатқан жұмыстар ағымдағы жылдың қыркүйек – қазан айларында толық аяқталып, іске қосу жоспарлануда.