17 қыркүйек- Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day 2022). Осыған орай Шымкентте экологиялық акция ұйымдастырылды.
Акцияның мақсаты - жанашыр тұрғындармен бірлесе қала аумағын қоқыстан тазартып, абаттандыру.
Жалпы қалалық сенбілікке Шымкент қаласы әкімдігінің аппараты, 23 басқарма мен оларға бағынысты мекемелердің, "Шымкент" ӘКК, 13 департамент қызметкерлері қатысуда. Қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған сенбілікті кәсіпкерлер, белсенді қала тұрғындары мен еріктілер де қолдады.
Сенбілікке қатысушылар қаланың барлық аумағында, саябақтар мен гүлзарларды, аула және көшелерді, арық-атыздарды қоқыстан тазартуда.
Мысалы, Еңбекші ауданы бойынша сенбілікке шыққан 5 мыңнан астам азаматтың 1 мыңға жуығы белсенді жастар. Қазірге келіп түскен мәлімет бойынша, 40 көше, 10 шақырымнан астам аяқжол, ирригациялық жүйелер тазартылған. Іске 22 техника жұмылдырылды.
Сенбілікте әр мекеме өзіне жүктелген аймақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, барлық қоқыс қала сыртына шығарылады.
Еңбекші ауданында апта сайын сенбілік өтуде. Сенбілік- біздерді тазалық пен тәртіпке шақырады! Осындай ұранмен Еңбекші ауданының тұрғындары сенбілікке шықты.
Аудан аумағында әр апта сайын сенбілік жұмыстарын жүргізу үрдіске айналған. Бүгін «Сайрам» және «Маятас» шағын ауданында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Сенбілік барысында, қураған ағаштарды қырқу, шөп ору, әктеу жұмыстары жүргізіліп, қоқыстар арнайы техникамен қоқыс полигонына шығарылды.
Мысалға, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағындағы «Фосфоршылар» мәдениет сарайы аумағында сенбілік ұйымдастырылды. «Фосфоршылар» мәдениет сарайында өткізілген сенбілікке халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің мамандары, «Жасыл ел және студенттік құрылыс еңбек жасақтарының» еріктілері, мердігер мекемелер «ЛТД Тұрмыс» ЖШС, «Арнаулыавтокөлік» ЖШС-ы , «Байтерек-Л.Б.» ЖШС, «Югдорсервис» ЖШС-ы, «Барокбаев Т.И.» ЖК, «Build Stroi» ЖШС-ы жұмысшылары қатысты.
Аталған сенбілікке 8 техника жұмылдырылып, мәдениет сарайының ағаш бұталары, 40м3 қоқыс қалдықтары шығарылып, ирригациялық жүйелер тазаланды. Аудан бойынша сенбілікке барлығы 350 адам қатысып, 8 техника жұмылдырылды.
Аудан әкімдігі жергілікті тұрғындарға ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау- адамдықтың басты қасиеті екендігін түсіндіріп, қаламыздың тазалығына немқұрайлы қарамауға шақырды.