Қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар оқу ордаларының құрылыс жұмысын тексерді. Солардың бірі - былтыр құрылысы басталған "Нұрсәт" ықшам ауданындағы оқушылар сарайы.
Жобаны салудағы мақсат - оқушыларды сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелерде сабақ өткізуге және педагогтардың, ата-аналар мен балалардың тәрбие саласындағы өзара іс-қимылына жағдай жасау, балалар тұлғасының шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени әлеуетін дамыту.
7-18 жас аралығындағы 500 оқушыға шақталған нысаның 42%-ы дайын.
Ғимарат 3 қабатты, 3 блоктан тұрады. Бұдан бөлек 81 көлікке арналған көлік тұрағы және 35 адамдық асханасы болады.
Нысанның құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған.
Шаһар басшысы “Білімді ұрпақ – іргелі елдің кепілі”, сондықтан оқушыларымыздың жеке жобаларымен, шығармашылықпен және спортпен айналысатын өз ордасы болуы керек”-дей келе, жауапты мамандарға нысанды жоспарға сай уақытында аяқтауды тапсырды.
Айта кетсек құрылыс басқармасы сондай-ақ, Шымкенттегі металлургтер стадионы қайта жаңаруда. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған спорттық нысан осы кезге дейін жөндеу көрмеген, қазір қайта жаңғыруда.
Жоба бойынша мұнда әкімшілік-тұрмыстық корпус (АБК), спорт залдар, асхана, командалық ойындарға арналған спортзалдар, 62 орынға арналған спортшылар үйі, 1504 орынға арналған трибуна, командалық киім ауыстыру бөлмесі, спорттық тренажерлер алаңшасы, ойындар алаңшасы, кешенде қолданылатын спорттық табло, сумен жабдықтау сорғысы, кәріз сорғы бекеті салынуда.
Аумағы 3 га аса жерді қамтитын нысанның құрылысы 2020 жылдың наурызында басталған, бүгінге дейін біршама жұмыстар атқарылды. Стадион құрылысы келесі жылға өтпелі.
Еске сала кетейік, биыл Шымкент қаласында 4 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі – Бозарық-3 шағынауданында бой көтеріп келе жатқан Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің қосымша ғимараты. Жобаға сәйкес бұл нысанда бір ауысымда 10 мен 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Айта кетейік, Шымкент қаласында спорттық нысандар саны 933-ке жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берген болатын. Ал, бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі. Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл қаламызда бюджет есебінен 3 спорт нысанының және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса, Абай ауданында - 25, Әл-Фараби ауданында - 9, Еңбекші ауданында - 11, Қаратау ауданында - 6 спорт алаңшаның құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жалпы алғанда 51 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада жалпы 346 алаңша бар.