Бүгін Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенкодан журналистер елімізде телефон байланысы мен интернет тартылмаған тұрғын саны 100 адамнан асатын елдімекендерді атауды сұрады. Ярошенконың айтуынша, елде мұндай 379 елдімекенге телефон байланысы және 2G, 3G, 4G немесе ADSL, FTTx интернет байланысы әлі жетпеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy сайты жазды.
Олардың ішіндегі тұрғыны 250 адамнан асатын 213-іне 2020 жылдың соңына дейін кеңжолақты интернет жеткізу жоспарланып жатыр.
«Ал тұрғыны 250 адамнан аз елдімекендерге одан кейінгі жылдары барады. Оларды қараусыз қалдырайын деп жатқан ешкім жоқ. Тек ол ауылдар магистральды байланыстан алыс орналасқан немесе жетуге қиын. Сондықтан оларда интернет жоқ. Ал магистральды байланыстың бойында орналасқан 50 тұрғыны бар жерлерге де интернет тартқанбыз», - деді В. Ярошенко.