"Ордабасы" футболдан Қазақстан Республикасы кубогының жеңімпазы атанды.
Кеше “Astana Arena” стадионында “ОРДАБАСЫ” футбол клубы Оралдық “АҚЖАЙЫҚ” клубына қарсы ойнап, 5:4 есебімен футболдан ҚР кубогының жеңімпазы атанған болатын.
Бүгін 16:30-да Шымкент әуежайында "ОРДАБАСЫ" футбол клубының ойыншыларын қала тұрғындары, клуб жанкүйерлері, бір топ спорт сүйер қауым, әскери оркестрмен салтанатты түрде қарсы алды.
Шара әрмен қарай 17:00-де "Әл-Фараби" алаңында қала әкімдігі басшылық құрамының қатысуымен футболдан ҚР кубогын салтанатты тапсыру рәсіміне жалғасып, “ОРДАБАСЫ” футбол клубының ойыншылары жеңістерімен құттықталды.
Еске салар болсақ, Шымкенттегі “Қажымұқан” атындағы орталық стадионда шаһар басшысы М.Әйтенов және Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, футболдан әйелдер командалары арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпазы - «Шымкент» командасын құттықтады. «Шымкент» әйелдер футбол клубы Республикада ғана емес, әлемдік көшбасшылардың біріне айналып үлгерді.
Қазіргі таңда УЕФА-ның үздік 20 командасының қатарында. Еуропалық футболдың «Барселона», «Бавария», «Лион», «Манчестер Сити» секілді алыптарымен жасыл алаңда теңдей ойнады.
Чемпиондар Лигасында үш мәрте 1/8 финалында ойынын көрсетті. Олар әлемдік аренада Қазақстанның атынан туған қаламыз Шымкентті танытып, 12 мәрте ел кубогында да топ жарды.
Футбол – халықтың дене тәрбиесі мен денсаулығын нығайтудың ең қолжетімді, танымал және бұқаралық сипаттағы спорт түрлерінің бірі. Дене тәрбиесінің қалпытасуында ойын жетекші орын алады. Футбол — достық, жолдастық, өзара көмек сезімін қалыптастырады; жауапкершілікті сезіну, серіктестер мен бәсекелестерге құрмет, тәртіп, белсенділік сияқты құнды адамгершілік қасиеттерді дамытады. Әрбір футболшы өзінің жеке қасиеттерін көрсете алады. Мәселен, дербестік, бастамашылық, шығармашылық. Сонымен бірге ойын жеке ұмтылыстарды ұжым мүддесіне бағындыруды талап етеді.
Жалпы бұл спорт түрі дене шынықтыру мен спортты насихаттаудың қуатты құралы. Адал жекпе-жек өнері, жоғары орындаушылық шеберлік, дене шынықтыру миллиондаған жанкүйерлердің терең қанағаттануын, ләззатын, қуанышын ғана емес, сонымен қатар кез-келген жасөспірімді футбол алаңдарына, спорт алаңдары мен залдарына әкелетін қызығушылықты тудыратын спорт. Көптеген атақты спортшылар спорттық өмірбаянын футболға деген құштарлықтан бастады.
«Шымкент» командасы кезекті рет Қазақстанның үздігі атанып, Қазақстан чемпионатында 11-ші рет жеңімпаз деп танылып, рекорд орнатты.
Дәл осы кезде, бүгін, Қазақстан премьер лигасында “Ордабасы” Қарағандының “Шахтер” командасын өз алаңында қабылдап, 1-0 есебімен жеңіске жетті.