Биыл Шымкенттегі ескі аялдамалардың 178-і жаңартылды. Оның ішінде Төлеметов, Ізгілік, Патеев, Желтоқсан, Исмайлов, Жібек жолы сияқты бірнеше көшелер мен Тәуке хан, Республика, Бәйдібек би даңғылдары бойындағы аялдамалар бар. Барлығы жаңа типте салынған.
Жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылған аялдамалар шыныдан жасалған. Қоғамдық көлікпен жүретін көпшілік үшін барлық жағдай оңтайландырылған.
Ал, қолданысқа жарамды ескі аялдамалар қалаға іргелес жатқан елдімекендерге атап айтқанда, Жыланбұзған, Маятас пен Қарабастау тұрғын алаптарына орнатылуда.
Сала мамандары аялдамалардың ұзақ сақталып, шаһар көркін кіргізіп тұруы - сапасына ғана емес, қала тұрғындарының істелінген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, орындықтарды сындырмай, тұрған орнын бүлдірмей таза ұстауына да байланысты екенін айтады.
Қазіргі таңда Шымкентте 1 886 аялдама орны бар болса, оның 1336-сы аялдама павильоны, қалғанына арнайы белгілер орнатылған.
Еске салар болсақ, Шымкент қаласында алты айда 188 шақырым жол жөнделді.
Шымкентте 2021 жылы 309,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, осы жылы жалпы 361,1 шақырымды құрайтын 190 нысанға жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 67,4 шақырым жолға құрылыс және қайта құру жұмыстары, 19,3 шақырым жол күрделі жөндеу, 261,1 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі.
Сонымен қоса, жыл соңына дейін 22,7 шақырым жолға шағал тас төселеді. Бұл туралы қала әкіміне есеп беру барысында жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов баяндады. 1-жартыжылдық қорытындысымен 91 нысан немесе 188,3 шақырым көшеде жөндеу жұмыстары аяқталып пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде 19,3 шақырым күрделі жөндеу, 169 шақырым орташа жөндеу, 10 шақырым магистралды көше, 159 шақырым ішкі орам көшелері.
Жыл соңына дейінгі жоспарлы жұмыстардың аяқталуы нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға жететін болады. Қала әкімі жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. «Шымкентте биыл қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама павильонын орнату жоспарланған. Шілде айынан бастап 30 аялдама орнатылды. Барлық аялдамалар Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады», — дейді жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат — елдімекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны болса, қалғанына аялдама белгілері орнатылған. 2021 жылдың қорытындысымен жаңа үлгідегі аялдамалар саны 670-ке жетті.