Қазақстанда ТЖМ-нің жаңа әскери бөлімі құрылады. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Facebook -тегі парақшасында жазды.
«Қазір елімізде су тасқынына қарсы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ жаз мезгілі де жақындап келеді, яғни өрт қаупі де арта түседі. Түркия мен Сирияда болған жойқын жер сілкіністері мыңдаған адамның өмірін қиып, көпшілігі зардап шегіп, баспанасыз қалды. Бұл жағдай әр қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамын, ал Түркия және Сирия халқына осынау қиын-қыстау кезеңде ауызбіршілік пен сабыр тілеймін. Сонымен қатар осындай қиын сәтте бауырлас түрік халқына қол ұшын созып, аса қауіпті жағдайда жұмыс істеп жүрген қазақстандық құтқарушыларға ризашылығымды білдіргім келеді», - деп жазды Ә.Смайылов.
Премьер-министр бұл оқиғалардың барлығы әртүрлі жағдайларға дайын болу үшін жедел әрекет ету күштерін ұлғайтып, оларды тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету ісіне аса көңіл бөлу қажет етіп отыр деп көрсетті.
«Осыған байланысты ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда ТЖМ-нің жаңа әскери бөлімі құрылуда. Ол Ақтөбе қаласында орналасады. Жаңа бөлімнің штаты – 880 адам», - делінген жазбада.
Республика бойынша ТЖМ-нің Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында үш әскери бөлімі бар. Батыс аймақта көлемді құтқару құрылымдары жоқ.
Бұдан басқа, ТЖМ қызметтерінің штат саны, атап айтқанда, өрт сөндіру бөлімшелері 380 адамға, құтқару станциялары 220 адамға, Апаттар медицинасы орталығы 94 адамға, «Қазселденқорғау» мекемесі 39 адамға көбеюде.
Жалпы ТЖМ қатары 1 613 адаммен толықты.