Шымкентте 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Ұлттық теннис орталығында «Билли Джин Кинг» және «Дэвис» кубоктары үшін жасөспірімдер арасында Азия және Океания елдерінің Әлем Чемпионатына іріктеу турнирі өтіп жатыр. Бүгін халықаралық жарысқа әлемнің 16 мемлекетінен 48 спортшы бақ сынауға келді. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшелері, Әлем кубогының, Азия чемпионатының және Халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Әрі бұл күн, Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Еліміздің барлық өңірлерінде дерлік 1 мамыр тойланады. Мақсаты, ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау.
«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.
Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді.
Ашылу салтанатында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ойынға қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл чемпионат жастарымыздың спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, теннисте жаңа белестерді бағындыруда да маңызы зор екенін атап өтті.
-Жарыстың жастарымыздың теннис спортына қызығушылығын арттыратынына сенім мол, - деді қала басшысы.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп, бұл бағытта бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Тапсырмалар аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаламызда бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындар саны артып, бүгінде 500 мыңға жуықтады. Бұл жалпы халық санының 42 % құрайды. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа ден қойғандардың басым бөлігі жастар екені қуантады. Қазір қаламызда 34 спорт мекемесінде 18 мыңнан аса спортшы мыңнан аса жаттықтырушымен кәсіби оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде.
20 кортпен жабдықталған бұл орталықта қазір 500-ден астам кәсіби спортшы жаттығуда.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі