Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Төлеби ауданындағы елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау, көгалдандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар талқыланды. Облыс әкімі аудан, қалалардың санитарлық жағдайы, абаттандыру жұмыстары тұрақты қадағалауда болатынын айтып, басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
– Аудан, қалалардың абаттандыру жұмыстарына, тазалығына тұрақты мониторинг жүргізіп жатырмыз. Жуырда 3 аудан, қалада болдық. Өкінішке қарай, қуанатын нәрсе жоқ. Жұмыс нашар. Санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді біркелкі әрлеу, абаттандыру бағытында нақты шара қабылдаңыздар. Жұмыстар күшейтілсін. Қаланың, ауылдың кіреберісін, орталық көшелерін, жалпы аумағын ретке келтіріп, дұрыстап қойыңыздар. Үйлердің қақпаларын бір түспен сырлау, көшелерді таза ұстау жұмысын үйлестіріңіздер. Болмайды былай. Жарықшамдарды да ретке келтіру керек. Вандализмге шыдамды әрі сапалы жарықшамдар орнатқан жөн. Облыс бойынша қоршауларды да біркелкі етіп ретке келтіру жолын қарастыру қажет. Елді мекендер, әсіресе аудан орталықтары таза әрі жасыл болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев өңір басшысының тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Оның айтуынша, ауданда абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі. Ленгір қаласын көріктендіруге ерекше көңіл бөлінуде. Төлеби көшесінің бойында ұзындығы 900 метр ашық алаңшаға 100 түп қарағай және 900 шаршы метрге лигуструм отырғызылған. Төлеби және Қапал Батыр көшелерінің қиылысында орналасқан бірнеше кәсіпкерлік нысанның қасбетін әрлеу жұмыстары атқарылып, ағаштар отырығызмақ. Қаланың сәулеттік келбетін ажарландыру мақсатында аталған 159 жеке үйдің қасбеттерін бір түске бояу жұмыстары басталған.
Туризмге жағдай жасау үшін облыстық маңызы бар автожолдардың бойын жарықтандыру, түрлі ағаштар отырғызу көзделіп отыр. Ленгір қаласына кіреберістегі облыстық маңызы бар КХ-35 «Ленгір-Достық» автомобиль жолының 500 метр бойына 2000 түп қарағаш, 100 түп каштан ағашын отырғызу жоспарлануда. Жалпы 7300 көшет отырғызу межеленген. Егілген көшеттерді суғару және күтіп ұстау жұмыстарын аудан әкімдігіне қарасты «Саябақ» ММ–сі атқарады.
Былтыр Ленгірдегі көпқабатты үйлердің аулаларына 9 балалар ойын алаңшасы, 11 мың шаршы метр асфальт, 60 дана түнгі жарықшамдары мен бейнекамера орнатылған. Жұмыстардың жалғасы ретінде 23 көпқабатты тұрғын үйді кезең-кезеңімен бір түске бояу жұмыстары басталып кетті. Ол жұмыстарға демеушілер тартылады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.