Ағымдағы жылғы 19-сәуірде Әл-Фараби жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен С.Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицейінде «Жастар – ел дамуының болашағы» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Карбеков Бауыржан Қанатұлы, Психология ғылымдарының докторы гештальт психолог Асанова Салтанат Сайлауқызы, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының» алдын алу бөлімінің мұғалімі Жургенбаева Назира, мектеп инспекторлары полиция капитаны Ауелов Марлен Тұрғанбекұлы және полиция майоры Ирисбеков Рахымжан қатысты.
Кездесуде сала қызметкерлері жасөспірімдер арасында көптеп кездесетін мәселелерге тоқталып, зиянды әдеттердің қауіптілігі ескертіліп, олардан аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігі туралы түсіндіріп, жас қылықтардан аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ, құқықтық сауаттылық пен психологиялық бағытта толыққанды ақпарат айтылып, жастармен кері байланыс орнатылды.
Балаға психологиялық қысым көрсету мәселесі өзекті. Бұлай дейтініміз, БҰҰ-ның елімізде жүргізген зерттеуі нәтижесінде балалардың басым бөлігі сәби күнінен бастап кемсітуге тап болатыны анықталған. Ал соңғы жылдары сандық технологиялардың дамуына байланысты балаларға қатысты зорлық түріне кибербуллинг, яғни онлайн қорлау қосылған. Мамандардың айтуынша, оның құрбаны – көбіне жасөспірімдер. Сондықтан біз психологиялық тренингтердің кешенін жасадық. Кездесулер, семинар-тренингтер мектептерде оқушылармен емес, керісінше өндіріс және еңбек ұжымдары, ата-аналар шоғырланған орталарда өтті. Себебі ұялы байланыс құралын шектен тыс қолдану денсаулыққа кері әсерін тигізіп қана қоймай, баланың өзіне таныс емес, белгісіз сайттарға кіріп, түрлі топтарға қосылуына, теріс ақпарат алып, санасының улануына әсер етуі ғажап емес. Сондықтан балаға, жасөспірімдерге жиі көңіл бөлу қажет, электрондық құрылғылардан күнделікті не көріп, не үйреніп жатқанын анықтап, баланың неге құмар екенінен хабардар болу әрбір ата-анаға артық етпейді.