ОТЫРАР: АУЫЛДЫҢ АЖАРЫ АЗАМАТЫНЫҢ АБЫРОЙЫНАН

ОТЫРАР: АУЫЛДЫҢ АЖАРЫ АЗАМАТЫНЫҢ АБЫРОЙЫНАН

Бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Талапты ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Аудан басшысы алдымен Көкмардан елді мекеніндегі жасыл аймақта болып, ауыл азаматтарының демеушілігімен егілген көшеттерді аралап көрді. Аталған жасыл аймақта 1000-ға жуық көшет егілген. Қазіргі таңда 800-дей көшет тамырын тереңге жайған. Аудан әкімі аралау барысында көгалдандыру жұмыстарын жандандырудың маңыздылығын айтып, егілген көшеттерді күтіп баптауды назарға алу керектігін ескертті.
Мұнан соң ауыл орталығындағы қайырымдылық қор арқылы салынып жатқан «Көкмардан» мешіті асханасының құрылысымен танысты. Ауылдық ынтымағы мен бірлігін арттыратын қоғамдық іске атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Одан әрі «Бек» ЖШС-нің жылыжай кешенінің жұмысын көріп, шаруашылық иесінің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді. Аудан басшысы кәсіпкерлік саласын дамытып, жылыжай ісін жандандыруға ниетті азаматтарды қашан да қолдауға дайын екенін жеткізді.
Аудан әкімі Көкмардан ауылдық мәдениет үйінің алдында ауыл тұрғындарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Кездесуде ауыл қариялары Бабаш Әбдіхалықов, Нұрымхан Халық, Рысбай Әбдіхалық, Әбдіманап Қадірқұловтар ауыз су, Шытты елді мекеніне медициналық тірек салу, электр жарығының жиі сөніп қалуы, көшелерді жарықтандыру секілді бірқатар мәселелер бойынша сұрақтарын қойса, Тасыбай Әбсадық жайылымдық жер, Ынталы елді мекеніне балабақша салу, қоқыс қалдықтарын тастайтын шағын полигон салу секілді өтініштерін айтты. Аталған мәселелер бойынша жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар беріліп, заңдылығына қарай оң шешімін табуға ықпал жасайтынын атап өтті.
Аудан басшысының кезекті халықпен кездесу жиыны Қоғам ауыл округінде жалғасын тапты. Талапты елдімекеніндегі емхананың құрылысымен танысып, мердігер мекеменің басшылығына құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды. Бұған дейінгі кездесуде ауыл тұрғындарының айтқан өтініші бойынша салынып жатқан емхана ағымдағы жылы қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталған жағдайда емханаға ауысымына 25 адам қабылдауға мүмкіндік бар.
Жалпы Қоғам ауылында 1977 жылы қазақ күресінің қазығы қағылған. Содан бері өткен 46 жылдың ішінде осы күрес үйірмесінен ұлттық спортымыздың көптеген таланттары қанаттанып шықты. Олардың арасында Азия чемпионы атанған, әлем чемпионатының жүлдесін алған саңлақтар бар. Осы мақсатта аудан әкімі Сәкен Асылханұлы Қоғам ауылындағы ауыл азаматтарының демеушілігімен салынып жатқан күрес залынының құрылысын көрді. Ауыл жастарының, ел ағаларының қолдауымен тұрғызылған спорт кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Аудан басшысы аралау барысында ғимаратты орталық жылуға қосуға ықпал жасайтынын айтып, елге ортақ іске атсалысқан ауыл азаматтарына алғысын айтты.
Одан әрі С.Әшіров мектебінің ауласында ауыл тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Кездесуде ауыл қариялары Н.Әймішов, М.Шырынбеков, К.Өскенбай, Қ.Жұмагелдиевтер ішкі жүйелерге газ тарту, көшелерге асфальт төсеу, елді мекен тазалығы секілді бірқатар мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Аудан әкімі аталған ұсыныс-пікірлерді назарға алып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ауыз су, жайылымдық жер, жұмыссыздық секілді мәселелер бойынша өтініштерін айтқан тұрғындардың тұрғындарға жауап беріп, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді, деп хабарлайды Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қостанай облысының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалды. Ауыл шаруашылығы...