Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген барлық азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстарын, талап-тілектерін мұқият тыңдап шықты. Кейбір мәселелерді құқықтық тұрғыда түсіндіріп берсе, кейбірін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Қоғамдық қабылдауға келген ️аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов ардагерлерінің бірнеше уәжін аудан басшысына жеткізді. Мәселен, ауылдағы тыл ардагерлеріне көрсетілетін медициналық көмек көңіл көншітпейді. Басы ауырып, балтыры сыздаған ардагерлер басқа қалаға барып ақылы медициналық көмекке жүгенетін көрінеді. Жергілікті жерде емделуге жағдай жасалуы тиіс. Бұл тыл ардагерлерінің талабы. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлерге де мүгедектігі бар ардагерлердің айтар уәжі көп. Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы жанданса және тыл ардагерлеріне мемлекет тарапынан тегін қоларба берілсе деген талап тілектерін жеткізді. Ардагерлердің талап-өтінішін тыңдаған аудан әкімі олқылықтарды дер кезінде шешуді жауапты сала мамандарына тапсырды. Сондай-ақ, жеке қабылдауға келген тұрғындар тұрғын үйді заңдастыру, жайылымды жердің көлемін ұлғайтуды, көше атауын беру сынды бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Аудан әкімі қабылдауда көтерілген мәселе заң талабына сай шешілетінін жеткізді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарына сәйкес халықпен тығыз байланыста бірлесіп жұмыс жасауды сала мамандарына тапсырды, деп хабарлайды Сауран ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.