ТҰРАН, ТАССАЙ, МИРАС ШАҒЫНАУДАРЫНА КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

ТҰРАН, ТАССАЙ, МИРАС ШАҒЫНАУДАРЫНА КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Бұл туралы бүгін қала әкімі М.Әйтеновтің Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесуінде баяндалды. Жыл соңына дейін осы бағытта 4 жобаның құрылысы аяқталып, Тұран, Тассай, Мирас елдімекендеріне кәріз жүйелері тартылады. Нәтижесінде 40 мыңнан аса абонент канализацияға қосылуға мүмкіндік алады.
Қазір ауданның кәріз желілерімен қамту көрсеткіші 57,9 жетіп отыр. Жоспар бойынша 2025 жылы елдімекендердің 65 пайызын орталықтандырылған канализациялық жүйеге қосу жоспарлануда.
Қазіргі таңда Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і, 713,5 мың абонент кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қазір қалада 2 магистральды кәріз коллекторының және 9 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл қорытындысымен қала аумағында 6 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Бұл қамту көрсеткішін 60 пайыздан 75 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір «Тассай» индустриялық аймағында 24 жоба іске қосылып, онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Жалпы аймақ іске қосылғалы мұндағы кәсіпорындардан бюджетке 8,2 млрд. теңге салық төленген.
Жыл соңына дейін мұнда 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жобалар 200 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы.
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Asia Trafo» зауыты іске қосылған болатын. Сипаттамасы жөнінен бірегей болып танылған трансформатор зауыты Шымкент қаласының «Тассай» өндіріс аумағында 12 гектар жерге орналасқан. Зауыт - кернеуі 110кВ-дан 500кВ-ға дейінгі трансформатор шығаратын Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны.
Биыл Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғанына 5 жыл толды. Осыдан бес - алты жыл бұрын қала аумағына инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі төмен 40-тан астам шалғай елді мекен қосылған.
Одан бөлек, қаланың қажеттілігіне жетіспейтін инфрақұрылым, қоғамдық көлік мәселелері өзекті болатын, қазір бұл сұрақтар біршама шешімін тапты.
Көрсеткіштерге келетін болсақ, соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге жетті, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті, сонымен қатар қалаға 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 млрд. теңгеден 613 млрд.теңгеге жетті. Макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім динамикасы бар. Ағымдағы жылдың 5 айында инвестиция көлемі 22 пайызға, құрылыс жұмыстары 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73 пайызға, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артқан.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ