Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында ауылшарушылығы, жеңіл өнеркәсібі, құрылыс салаларын дамытуға бағытталған 8 жоба талқыланды.
Инвесторлар синтетикалық тоқыма және мата өнімдері мен пластикалық ыдыстар шығару, сүт, талқан өнімдерін өндіру, ауылшаруашылығы тауарларын сақтауға қатысты жобаларын ұсынды. Сонымен қатар бизнес өкілдері жер телімін бөлу, жол, инфрақұрылым қажеттіліктері бойынша ұсыныстарын білдірді.
Кәсіпкерлердің талап-тілектерін назарға алған М.Дүйсенбекұлы инвесторларды жан-жақты қолдауға дайын екенін және туындаған өзекті мәселелер бойынша шұғыл шаралар қабылданатынын жеткізді. Сондай-ақ тиісті сала басшыларына қаладағы индустриалды аймақтарды кеңейту, инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды қадағалауды тапсырды.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылғы қаңтар айында 70,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,2%-ға артты. Бұл көрсеткіште Шымкент қаласы республикада 7 орынды иеленеді.
Өңдеу өнеркәсібінде 57,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,9%-ға өскен. Бұл бағытта мегаполис елімізде 8 орында тұр. 225 гектарды алып жатқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы қалада тоқыма өнеркәсібін дамыту, отандық мақтаны тұтыну үлесін арттыру мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда аймақта 35 жоба іске асырылып, 2 жарым мыңнан астам тұрғын жұмыс істеуде. Аймақта өндірілетін өнімнің жартысына жуығы шетелдерге экспортталады.
Еске салар болсақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штабтың алдыңғы отырысында өңірлік брендті дамытуда маңызды жобалар мен олардың өзекті мәселелері талқыланды. Жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысқан жиында негізгі капиталға салынған инвестициялардың орындалуы және алдағы жоспарлар баяндалды.