Шымкент қаласы Полиция департаменті музейінде «Ашық есік» күні өткізілді. Халықаралық музей күні мерекесіне арналған шара, кәсіби мамандықты дұрыс таңдау бағытына арналды.
Өз кезегінде, музей ісінің маманы Гульнар Шалқарқызы Шымкент қаласы «Арман» мектеп лицей-гимназиясының оқушыларына құқық қорғау саласының қыр-сыры туралы түсіндіріп, полицияның өткені мен бүгіні жайлы тың ақпараттар берді.
Мұндағы басты мақсат, тәртіп сақшыларының үздіксіз еңбегі мен қызмет барысындағы көзсіз ерліктері туралы дәріптеп, жас буынның құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыру болып табылады.
«Арман» мектеп лицей-гимназиясының шәкірттері департамент музейіндегі құнды жәдігерлерге қызығушылықпен қарап, Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Екатерина Точиловаға тәртіп сақшысы атану үшін қандай талаптар қойылатыны туралы сан-түрлі сауалдар жолдады.
Сондай-ақ, департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Сырым Абдуллаев жасөспірімдерді Жедел басқару орталығына апарып, мегаполис тіршілігін бейнекамералар арқылы бақылауға мүмкіндік сыйлады.
Жедел басқару орталығының бастығы полиция полковнигі Асқар Алипбаев пен оның әріптестері оқушыларды қуана қарсы алды. Оларға шаһардағы көлік қозғалысын, мектептер мен саябақтардың жай-күйін және автобустардағы камералар мен «SOS» батырмасының қалай жұмыс істейтінін көрсетті.
Сонымен қатар, оқушыларға құқық бұзушылыққа жол бермеу туралы ескертіп, полицияның цифрландырылған қосымшаларын таныстырды.
Ашық есік күні қарсаңында Шымкент қаласы Полиция департаментінің музейіне 150-ден астам қонақ келді.
Адамның әлеуметтік құндылығы, оның адамдар арасындағы орны, жұмысының ұнауы, физикалық және психикалық денсаулығы, кәсіби жолдың қаншалықты дұрыс таңдалғанына байланысты. Дұрыс шешім қабылдау үшін мамандық таңдауға әсер ететін негізгі факторларды ескеру қажет. Ата-ананың пікірі, материалдық жағдай, жеке ерекшеліктері, денсаулық жағдайы, баланың жеке қабілеті – мұның бәрі оның қандай мамандық таңдайтынына әсер етеді.