БИЫЛ ТҰРАН АУДАНЫНДА 39 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ, 85 КӨШЕГЕ ШАҒАЛ ТАС ТӨСЕЛЕДІ

БИЫЛ ТҰРАН АУДАНЫНДА 39 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ, 85 КӨШЕГЕ ШАҒАЛ ТАС ТӨСЕЛЕДІ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Тұран ауданының тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Қала әкімі алдымен тұрғындарға әлеуметтік-экономикалық даму, инженерлік-инфрақұрылым, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарларды баяндады. 2021-2025 жылдарға бекітілген жоспарға сәйкес, Тұран ауданы биыл ауыз су, электр қуатымен 100 пайыз қамтылады. 2023 жылы «Құрсай» елді мекеніндегі 22 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Қала әкімі жиында тұрғындарға медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыру бойынша жоспарлы жұмыстар қолға алынғанын айтты. Әлеуметтік саланы дамытуда қазіргі таңда «Құрсай» елді мекенінде 450 орындық емхана құрылысы басталды. «14 емдеу орталығы» ЖШС тарапынан салынып жатқан әлеуметтік нысан орташа жүктемені азайтуға өз септігін тигізбек. – Нормативке сәйкес, емханалардың орташа жүктемесі 30 мың тұрғыннан аспауы керек. 2019 жылмен салыстырғанда шаһарда емханалардың орташа жүктемесі 34 мыңнан 23 мыңға дейін азайған. Өткен жылы 12 емхана ашылды. Қазіргі уақытта жалпы 51 емхана жұмыс істейді. 2025 жылға дейін 6 емхана салып, жалпы орташа жүктемені 21 мың тұрғынға жеткізу міндеті тұр, – деді қала әкімі. Аудан әкімі Боранбай Болатбеков инфрақұрылым, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, халықты жұмыспен қамту бағытындағы тиісті жұмыстардан хабардар етті. Оның мәліметінше, 2023 жылы ауданда 85 көшеге (41,3 шақырым) шағал тас, 39 көшеге (32,3 шақырым) асфальт төселеді. 22 көше жарықтандырылып, 29 көшеде ирригация жүйелері жүргізіледі. 13 ойын алаңшасы, 10 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі. Есепті кездесуде тұрғындар тарапынан жарықтандыру, жерді заңдастыру, көшелерді асфальттау және жол қауіпсіздігі, тағы басқа мәселелер көтерілді. Қала әкімі барлық тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, тиісті мамандарға тапсырма берді.
Былтырғы жылы Ақтас, Ақтас-2 және Ақжар, Арғымақ елдімекендерін газдандыру құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз» тарапынан құбырларға сынама жұмыстары жүргізілуде. Табиғи газ аталған шағынаудандарға жылу маусымына дейін берілетін болады. Айкөл, Құрсай, Жаңаталап шағынаудандарының жаңақұрылыс аумағын газдандыру үшін бүгінде жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. Аудан 2025 жылы көгілдір газбен толық қамтылатын болады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ