Керейт ауылының мәдениет үйінде аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов Арыс ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, бірінші жарты жылдықты қорытындылап, халыққа есеп берді. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Хамит Байысбаев пен дербес бөлім басшылары және жауапты мамандар қатысты.
" - Ауылдағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз" деген әкім Нұржан Ізтілеуов халықтың сұрақтарына жауап беріп, заң шеңберін тиісті жұмыстарды атқаратынын жеткізді.
Қазіргі таңда ауылдағы ең өзекті мәселеге айналып тұрған Қайыршақты өзенінің қазба жұмыстарының әсерінен ластануы және оның экологияға кері әсері, адам денсаулығына қауіп төндіруі. Қазба жұмыстарымен айналысып жатқан компанияға наразы жұрт осы мәселе бойынша әкімнен көмек сұрады. Жиынға арнайы шақыртылған компания өкілдері судың лайлануы белгілі қателіктерден орын алғаның түсіндіріп, тұрғындардан кешірім сұрады.
Аталған мәселе бойынша, аудан әкімі Нұржан Жақсылықұлы компания басшылығымен және жауапты мамандармен бірге қазба жұмыстары жасалып жатқан жерге барып, мәселенің ақ-қарасын ажыратып, өзеннің ластануын түбегейлі шешу бойынша нақты шаралар қабылданатындығын жеткізді.
Сонымен қатар, инфрақұрылым, электр энергиясы, ұсақ малдарды тоғыту, тасылмалдау секілді мәселелер қаралып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.
Арыс ауылдық округінде 2023 жылы атқарылатын жұмыстар:
-Керейт ауылы ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу.
-Мақталы ауылы Мұратбаев көшесін жарықтандыру.
-Мақталы ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы, деп хабарлайды Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.