Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы экономикалық индустриалды аймақтардағы кәсіпорындарды аралады. Қазір аймақтар инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтылуда. "Оңтүстік"арнайы экономикалық аймағында мақта аралас және киім маталарын өндіру жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестиция көлемі 1 млрд. 980 млн. теңгені құрайды, шамамен 120 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Фабрика жобалық қуаттылығына сай жылына 4 млн. метр мата шығарады. Кәсіпорын 2024 жылдың наурыз айында іске қосылады деп жоспарланған. Дайын өнімдер ішкі нарыққа және экспортқа шығарылады.
Қазіргі уақытта бұл жобаға ЖСҚ әзірленіп, жер бөлу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы жобаларының жалпы құны 163,5 млрд.теңге болатын 56 жобадан тұрады, олар 5 582 жұмыс орнын құруды көздейді. Оның ішінде жалпы инвестиция сомасы 58,4 млрд. теңгеге 35 жоба іске асырылып, бұған дейін 2 507 жұмыс орны ашылды.
Ал «Жұлдыз» индустриалды аймағында жыл соңына дейін инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін бірінші кезекте 31 инвестициялық жоба бар.
Мұнда инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, «Юг Ойл Про» битум зауыты, автоклавты газбетон өндірісі, ПВХ ішкі және кәріз жүйелерін, үйлерге арналған жаңбыр суағарларын өндіру, шыны әйнек шығаратын зауыт, темірбетон өндіру ісі қолға алынған.
Жоспар бойынша аталған кәсіпорындар жыл соңына дейін қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, толық іске қосылуына мүмкіндік беріледі.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылғы қаңтар айында 70,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,2%-ға артты. Бұл көрсеткіште Шымкент қаласы республикада 7 орынды иеленеді.
Өңдеу өнеркәсібінде 57,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,9%-ға өскен. Бұл бағытта мегаполис елімізде 8 орында тұр. 225 гектарды алып жатқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы қалада тоқыма өнеркәсібін дамыту, отандық мақтаны тұтыну үлесін арттыру мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда аймақта 35 жоба іске асырылып, 2 жарым мыңнан астам тұрғын жұмыс істеуде. Аймақта өндірілетін өнімнің жартысына жуығы шетелдерге экспортталады.
Еске салар болсақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штабтың алдыңғы отырысында өңірлік брендті дамытуда маңызды жобалар мен олардың өзекті мәселелері талқыланды. Жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысқан жиында негізгі капиталға салынған инвестициялардың орындалуы және алдағы жоспарлар баяндалды.