Қазақстандық режиссер Фархат Шәріпов түсірген «18 килогерц» атты көркем фильм 36-шы Варшава халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы кеше фестивальдің жабылу салтанатында белгілі болды.
Марапаттау рәсімінде тікелей эфирге қосылған Фархат Шәріпов қуаныштан жүлдеге қол жеткізгеніне сенбей отырғанын айтты.
«Фестиваль ұйымдастырушыларына зор алғысымды айтамын. Осы қиын кезеңде киноға көңіл бөлгендеріңізге рахмет. Фильмге түскен дебютант-актерлерге де, туындымыздың продюсері мен картинаның түсіру тобына да алғысым шексіз», - деді режиссер.
«18 килогерц» – 90-шы жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірінен сыр шертетін фильм.
Фильмнің түсіру жұмыстары Алматы қаласында жүргізілді. Басты рөлдерде Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со секілді жас актерлер ойнады.
«18 килогерц» – ересектер естімейтін дыбыс жиілігі. Фильм жасөспірімдердің проблемаларына арналған... Есейген сайын жас буынның қиындықтарын түсіну қиындай беретіні анық. Өзіміз де жасөспірім болдық, кейбір проблемалар шешілмейтіндей болып көрініп еді. Тіпті тығырықтан шығатын жол таба алмай, тұла бойыңды қорқыныш билеген кездер де болады. Біздің фильм сол кездерді еске алу үшін арнайы түсірілді», - дейді режиссер Фархат Шәріпов фильм жайында.
Айта кетерлігі, «18 килогерц» фильмі сондай-ақ Азиядағы ең ірі фестивальдардың бірі – қазанның 21-і мен 30-ы аралығында өтетін 25-ші Халықаралық Пусан кинофестивалінің (BIFF) конкурстық бағдарламасына қатысады. Кинотуынды «Азиялық киноға терезе» (A Window on Asian Cinema) атты бағдарламасында көрсетіледі.