Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев кезекті қоғамдық қабылдауын өткізді. Онлайн және офлайн форматта өткен қоғамдық қабылдауда 10-нан астам тұрғынның өтініштері мен мәселелері тыңдалды. Өтініштердің басым бөлігі білім саласындағы мәселелелерді қамтыды. Мектеп салу, балабақшаны қосымша қаржыландыру және өзге де түйткілдер тарқатылды.
Жетісай ауданының тұрғыны өзі тұратын ауылға мектеп салу мәселесін көтерді. Ол зерделеніп, тиісті жауабы берілетін болды. Ал Түркістан қаласының педагогы қалалық білім бөлімі басшылығына деген шағымын айтты. Аталған шағымға байланысты тексеру жүргізіліп, екінші тараптың да уәжі тыңдалып, заң аясында шешім қабылданады.
Қабылдауға келген тұрғындардың бірі білім саласындағы мәселелерді қозғады. Сонымен бірге өзін жұмысқа қабылдау жөнінде өтінішін жеткізді. Тұрғын үй кезегі туралы ақпарат сұраған тұрғын да болды. Оларға заң аясында түсініктеме беріліп, мәселелері бақылауға алынды. Онлайн қабылдауда жұмыс сұраған ауыл тұрғынының өтініші де назарға алынатын болды. Оған заң шеңберінде көмек қарастырылмақ.
Биыл өңірде балабақшаларда мониторинг жұмыстары жүргізіліп, біраз кемшілік анықталған болатын. Соған байланысты балабақшаларды қаржыландыру ісі де қатаң қадағалауға алынды. Осы салаға қатысты сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Балабақшаларына қосымша топ ашып, мемлекеттік қолдауды ұлғайту жөніндегі өтініштер сарапталып, заң аясында шешім қабылданады. Қоғамдық қабылдауға жазылғандардың бірі Марал ишан туралы кітабын шығару жөнінде ұсынысын жеткізді.
Бейсен Тәжібаев білім және мәдениет саласына жауапты басқарма басшылығына өздеріне қатысты хаттамаға енгізілген мәселелерді бақылауға алып, тұрғындар өтініші бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
«Ашық әкімдіктегі» қабылдаулар тұрақты түрде жалғасын табады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән беріліп отыр. Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалуға болмайды. Бәріміз осы сара жолмен ілгері жүруіміз керек.
Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін» деп айтып өткен болатын.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді.
Ұлттық құрылыстың қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасы қарқынды саяси өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатыр. Саяси модернизацияның тұжырымдамалық фрейміне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі арқау болды. «Listening State» («Құлақ асатын/еститін мемлекет») — бұл үкіметтің азаматтармен өзара әрекеттесу, оларды толғандыратын мәселелер мен қажеттіліктерін түсіну бойынша белсенді күш-жігеріне баса назар аударатын мемлекеттік саясат тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі ақпаратты жай ғана тарату немесе «жоғарыдан төменге» саясатын жүзеге асыруға қарағанда, тиімді басқару бұдан да көп нәрсені қажет ететінін көрсетеді. Яғни кері байланыс, идеялар мен қоғамдық пікірді белсенді іздеудің маңызын мойындайды. Бұған қол жеткізуге жәрдемдесетін түрлі құралдар бар: қоғаммен кеңесу, сауалнамалар, жалпы жиналыстар, онлайн форумдар және басқа да қатысу тетіктері.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» Үкімет азаматтарға ойларымен, идеяларымен және пікірлерімен алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платформалар ұсынады. Бұл сандық платформалар және қоғамдық жиналыстар сияқты құралдар арқылы немесе т.б. жүзеге асырылуы мүмкін.
Мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын қолдануды жеке үрдіс деп атауға болады. Мемлекеттік органдар жедел хабар алмасу құралдарын пайдаланады, чат боттарын жасайды. Жергілікті атқарушы органдар өтініштерді қарау мен азаматтарды қабылдауды бір жерде жүргізген жағдайда қызмет көрсету «кедергісіз орта» қағидаттары бойынша «ашық қабылдау» арқылы жұмыс істейді.