Сөйлеу мен интеллектуалды дамудың өзара байланысы білім беру мекемелерінде сабақтарда жарқын көрініс табады. Ал инклюзивті білім беруде болса тілдің құрылымын көрсететін және оқушылардың сөйлеу құзыреттілігін дамыту өзекті мәселе болып табылады. Осы мәселені шешу мақсатында Келес ауданының №39 Л.Жолдасов атындағы жалпы білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтынай Асилбекова “Орыс тілі сабақтарында инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері” тақырыбында авторлық бағдарлама жазды.
- Инклюзивті сыныптарда сабақ беру кез-келген мұғалімнен үлкен тәжірибені талап етеді. Ал тілді үретуде балалардың лексикасы мен фразеологиясының негізгі стилистикалық ресурстарын, орыс әдеби тілінің негізгі нормаларын орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық, орфографиялық, пунктуациялық, сөйлеу этикетінің нормаларын меңгеруі үшін қарапайым сабақ өту жеткіліксіз. Сондықтан бұл авторлық бағдарлама барлық мұғалімдерге әсіресе жас мамандарға көмекші құрал болады деген сенімдемін,- дейді мектеп мұғалімі.
Білікті педагог орыс тілі сабақтарында оқушылар әдеби тіл нормалары мен сөйлеу этикетінің ережелері туралы түсінік алып ғана қоймай, өзара қарым-қатынаста коммуникативті құзыреттілік қалыптастыру маңызды дейді. Айта кету керек Алтынай Садуакасовнаның авторлық бағдарламасында күнтізбелік тақырыптық жоспар мен қысқа мерзімді жоспарлар толық берілген.
Еске саларлық, алдыңғы айда өткен І республикалық педагогтер съезінде Мемлекет хатшысы қатысқан болатын. Сондай-ақ маңызды іс-шараға еліміздің әр өңірінен 700-ден аса педагог жиналған болатын.
– Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанына назар аударды.
– Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Осы ретте Президент білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы педагогтердің бүгінде тек пәнді ғана үйретіп қоймайтынын, сондай-ақ балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал ететінін айтты. Осынау жоғары атқа лайық болу үшін мұғалімдер әрдайым кәсіби тұрғыдан дамып, өзгерістерге дайын болуға тиіс.
Президент айрықша тоқталған өзекті мәселенің бірі – мектептегі орын тапшылығы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы білім ұлтқа айналуды ұсынып, ұлттық идея ретінде көтеріп келеді.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалім тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалім еңбегін лайықты бағалау өте маңызды міндет», – деген Президенттің сөзі бар.
Ұлттық құндылықтарға негізделген дүние өз дәрежесінде емес. Көптеген ғалымдар, тәжірибелі ұстаздар бұл жөнінде сөз қозғап, реті келген жерде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да айтып жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, білім сапасының, тәрбиенің ауыз толтырып айтатындай емес екені байқалады. Бұған әсер ететін жайттар көп. Отбасынан бастап жіберіліп жатқан кемшіліктер өте үлкен.
Балалар арасында зорлық-зомбылық көрсету, ең үлкен қасірет – өлімге дейін апару, суицидтер кездеседі. Адамның басына бермесін, перзентін жоғалтудан асқан қайғы жоқ. Өмірге келгеннен кейін білімді, білікті, тәрбиелі болып, өмірден өз орнын табатын ұл мен қыз болып өскені – қай ата-ана үшін таптырмайтын байлық. Бұл мемлекеттің де негізгі ұстанымы болуы тиіс.
Облыстағы мектептерде, гимназия, лицейлерде, дарынды балаларға арналған арнайы мектептерде күндік жүктеме сегіз-тоғыз сағатқа дейін созылып жатыр. Былай қарасаңыз, мектептің көбінде балалар саны сыйымдылығынан артық. Зияткерлік мектептердегідей алты сабағын оқып алған соң, тамағын ішіп алып, демалып, бой жазып, қайта сабаққа кірісетіндей мүмкіндік жоқ. Бөлмелер, сыныптар жетіспейді. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, сегіз-тоғыз сағат тапжылмай орындықта отыру баланың денсаулығына әсер етеді. Жасыратыны жоқ, онсыз да бұрынғы балалармен салыстырған кезде қазіргі балалардың денсаулығы, көз жанары нашарлап тұр. Әрбір ата-ана мұны жақсы біледі.
Білім беру саласында соңғы он жылда біраз нәрсе өзгерді. Оның жақсы жағы да, келеңсіз жағы да бар. Мысалы, тіл мен әдебиетті қосып жіберді. Сауаттылық деген – ең керек дүние. Қазақ тілі мен әдебиетін қайта бөлеміз деген әңгіме айтылып та жатыр. Бірақ әлі іске аса қойған жоқ. Бұдан басқа толып жатқан мәселе бар.
Мәселен, денешынықтыру деген сабақ бар. Балалардың денсаулығы аса маңызды. Былтырғы оқу жылында қыздар мен ұлдардың топқа бөлуді алып тастап, қосып жіберді. Аптасына үш сағат денешынықтыру сабағын өткізу маған тиімдірек көрінеді. Көп мектепте денешынықтыру өтетін зал – біреу, әрі кетсе, екеу. Бұл жағдай денсаулықты түземейді, керісінше құртады. Бір залдың ішінде екі-үш сынып қатар ойнап жатады. Сондықтан, пікірлескен ұстаздардың дені қыздар мен ұлдарды біріктіргеннен гөрі, үш сағаттың бір сағатын кеміткенін қалайды. Қазір бұрынғыдай емес, қыздардың өсіп-жетілуі, көзқарастары басқаша. Ұлдар мен қыздардың бөлінгені жақсырақ болатын еді дейді сарапшылар.
Қазір педагогтарды дайындайтын жоғары оқу орындары мұғалімдікке конкурс үлкен екенін айтады. Қазір айлық жақсарып қана қоймай, мұғалімдердің балаларын балабақшаға кезексіз алатын болды. Мұғалімдерге бұрынғыдай артық жұмыстарға жегуді доғарды.
Мұғалімдер мемлекетте болып жатқан жақсылықтардың жаршысы болуы керек.
КЕЛЕСТЕ АУЫЛ МҰҒАЛІМІ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША АВТОРЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ЖАЗДЫ
