Түркістан облысы, Келес ауданы Алпамыс батыр ауылы №18 С.Қожанов атындағы жалпы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Темиртаева Айгүл сабақ барысында әлеуметтік желілерді белсене қолданады. Қазіргі таңда TikTok желісінде екі миллион қаралымы бар мұғалімнің 13 жыл еңбек өтілі бар.
- Мен осы мектепте 2015жылдан бері жұмыс жасап келе жатырмын. Сабақ барысында оқушылардың сабаққа, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру үшін TikTok желісінде әртүрлі вайндар түсіремін, бұл балалармен бір толқында болуыма, тіл табысуыма көп пайдасын тигізіп отыр. Менің миссиям - оқушыларға шабыт бере отырып, шығармашылыққа баулу және қуаныш сыйлау. Балаларға кері әсер ететін зиянды контент түсірмеймін,-дейді Айгүл апай.
Темиртаева Айгүл аудандық олимпиадаларда оқушылары үздік нәтиже көрсетіп жүр. 2022 жылы Шағдарбек Айдана пәндік олимпиададан жүлделі II орын, 2023 жылы «Зерде» ғылыми жоба байқауынан Байсаринова Балнұр жүлделі II орындарға ие болды. Сонымен қатар мектеп мұғалімінің оқушылары еліміздің үздік жоғары оқу орындарында ағылшын тілі пәні мұғалімдігі мамандығында білім алуда.
Айта кететін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы білім ұлтқа айналуды ұсынып, ұлттық идея ретінде көтеріп келеді. Сондықтан да Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екенін баса көрсетті. Елімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалғанын айта келе, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет екенін де атап өтті.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалім тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалім еңбегін лайықты бағалау өте маңызды міндет», – деген Президенттің сөзі бар.
Мектептерде, гимназия, лицейлерде, дарынды балаларға арналған арнайы мектептерде күндік жүктеме сегіз-тоғыз сағатқа дейін созылып жатыр. Былай қарасаңыз, мектептің көбінде балалар саны сыйымдылығынан артық. Зияткерлік мектептердегідей алты сабағын оқып алған соң, тамағын ішіп алып, демалып, бой жазып, қайта сабаққа кірісетіндей мүмкіндік жоқ. Бөлмелер, сыныптар жетіспейді. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, сегіз-тоғыз сағат тапжылмай орындықта отыру баланың денсаулығына әсер етеді. Жасыратыны жоқ, онсыз да бұрынғы балалармен салыстырған кезде қазіргі балалардың денсаулығы, көз жанары нашарлап тұр. Әрбір ата-ана мұны жақсы біледі.
Білім беру саласында соңғы он жылда біраз нәрсе өзгерді. Оның жақсы жағы да, келеңсіз жағы да бар. Мысалы, тіл мен әдебиетті қосып жіберді. Сауаттылық деген – ең керек дүние. Қазақ тілі мен әдебиетін қайта бөлеміз деген әңгіме айтылып та жатыр. Бірақ әлі іске аса қойған жоқ. Бұдан басқа толып жатқан мәселе бар.
Мәселен, денешынықтыру деген сабақ бар. Балалардың денсаулығы аса маңызды. Былтырғы оқу жылында қыздар мен ұлдардың топқа бөлуді алып тастап, қосып жіберді. Аптасына үш сағат денешынықтыру сабағын өткізу маған тиімдірек көрінеді. Көп мектепте денешынықтыру өтетін зал – біреу, әрі кетсе, екеу. Бұл жағдай денсаулықты түземейді, керісінше құртады. Бір залдың ішінде екі-үш сынып қатар ойнап жатады. Сондықтан, пікірлескен ұстаздардың дені қыздар мен ұлдарды біріктіргеннен гөрі, үш сағаттың бір сағатын кеміткенін қалайды. Қазір бұрынғыдай емес, қыздардың өсіп-жетілуі, көзқарастары басқаша. Ұлдар мен қыздардың бөлінгені жақсырақ болатын еді.
Мұғалімдердің беделін арттыруды көздейтін заң қабылданды. Бір жыл бойы қаралды. Шын мәнісінде, мұғалімдердің еңбектері еленетіндей дүниелер жасалды. Қазір мұғалімдердің айлығына байланысты шағым айта алмаймын. Біреуден ілгері, біреуден кейін десек те, білімді, білікті, өзінің көрсеткіші, тәжірибесі бар ұстаздар жап-жақсы жалақы алып жүр.
Мұғалімдердің қадір-қасиеті қатты түсіп кетті. Құдай сақтап, мемлекет болып, халық болып, осыған баса көңіл бөлініп, біршама жақсартуға ұмтылыс жасалды. Қазір едеуір жақсарды.
Бедел мұғалімнің өзіне де байланысты. Тікелей байланысты. Жалақы – күн көрісі, әлеуметтік жағдайы. Сабағын беріліп өткенімен, тапқаны не анда, не мұнда жетпесе, алтын мұғалім болса да, оған нашар әсер етеді. Қазір жалақы біршама жақсы болғаннан кейін, мұғалімдер де талапқа жауап бере алуы керек. Білімді, мейірімді, жүрегі де, тілі де жылы болса, ол мұғалімді қадірлемейтін оқушы болмайды. Ол мұғалімді қадірлемейтін ата-ана болмайды. Барлығы да сол мұғалімді қатты қадірлейтін болады. Жеке бедел мұғалімнің өзінің қолында. Ал әлеуметтік жағдайы мемлекеттің қолында.
Қазір педагогтарды дайындайтын жоғары оқу орындары мұғалімдікке конкурс үлкен екенін айтады. Қазір айлық жақсарып қана қоймай, мұғалімдердің балаларын балабақшаға кезексіз алатын болды. Мұғалімдерге бұрынғыдай артық жұмыстарға жегуді доғарды.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Осы ретте Президент білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы педагогтердің бүгінде тек пәнді ғана үйретіп қоймайтынын, сондай-ақ балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал ететінін айтты. Осынау жоғары атқа лайық болу үшін мұғалімдер әрдайым кәсіби тұрғыдан дамып, өзгерістерге дайын болуға тиіс.