Шардара аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинеттің жоспарына сәйкес, бүгін "Сырдария" жалпы білім беретін мектебінде "Оқуға құштар баланы тәрбиелеудегі мектеп кітапханасының рөлі" тақырыбында аудандық тәжірибелік семинар өтті.
Мақсат - оқушылардың оқу мәдениетінің деңгейін және олардың оқу белсенділігінің арттыру, жас ұрпақ бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру.
Семинарда мектеп кітапханашылары: Ж.Шынтемирова мен П.Усербаева "Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында атқарылған озық тәжірилерімен бөлісті.
Мысалы, ата-аналармен "Кітап оқитын отбасы - ғасыр үлгісі" тақырыбында өткен құрастыру әдісі бойынша ата-аналар оқушылармен бірге оқыған көркем шығармаларды талдап, ой-түйіндерімен бөлісті.
"Оқырман сұранымындағы кітап" атты ынтымақтастық сабақта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің А.Утемисова О.Бөкейдің "Тортай мінер ақ боз ат" әңгімесімен жақынырақ танысуға мүмкіндік туғызды.
Шараға қатысушылар Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығын, өскен ортасы мен қалыптасқан кезеңімен жан-жақты танысып, бала бойына рухани патриоттық сезім ұялата білген білікті ұстаздың шеберлігіне тәнті болды.
Мектептің кітапхана меңгерушісі Ж.Шынтемирова электронды кітапттарды қалта телефонындағы Play Маркеттен «куеркод» қосымшасын жүктеп алып, керекті кітапты оқуға мүмкіндіктер жасады.
Семинарға оқушылар мен ата-аналар және мұғалімдер жұмылдырылды.
Білім – ілгерілеу және барлық инновацияның қозғаушы күші. Адами капитал мен елдің бәсекеге қабілеттілігін дамытудағы білім саласының рөлі өте маңызды.Біз білім берудің жоғары сапасына қол жеткізу жолында алдымызға мақсат, міндеттерді қойып, оларды бірлескен жаңашыл форматтағы жұмыс жобасы негізінде жүзеге асыруды қолға алып келеміз. Белгіленген межеге қол жеткізу жолындағы әрбір қадам маңызды және құнды болатындығы сөзсіз.
Кітап оқу — өнер деп айтып жатамыз. Шындығына келгенде, кітаптың нақ өзі үлкен өнер туындысы деуге толық негіз бар. Өйткені, кітаптың көз тартар мұқабасынан бастап, оның ішіндегі безендірілуі, дизайндық ерекшеліктері өзінше бір бөлек өнер дейтін болсақ, ал ондағы жазылған мәтіннің мән-мағынасы, кітап ішіндегі оқиғаның оқырманды елітіп әкетуінде де үлкен өнер әрі еңбек жатыр. Кітапты басып шығаруда көптеген қызметкерлер еңбектенеді. Және өз оқырманының жүрегіне жол табатын дүниені табады. Жасыратыны жоқ, ең әуелі кез келген оқырман кітаптың мұқабасына зер салады. Ал мұқабадағы суреттің кітап ішінде маржандай тізілген мәтіннің мағынасын ашуы да көп ізденісті, өнерге деген ықыласты қажет ететіні сөзсіз. Баспа кітаптарының сапалы әрі көп данамен басылуының өзі бұл өнер туындысына деген сұраныстың жоғары екендігін айқындайды.
Шындығына келсек, сәнді мұқабалары мен жарқын иллюстрациялары бірден көзге түседі. Тіпті, кейбір ақпараттарға сүйенсек, сөрелер мен кітапханаларды безендіру үшін көптеген баспа басылымдарын қолданатынымыз да ақиқат. Айта кететін жайт, әдемі мұқабалар мен әсем безендірілген кітаптарды көрген сәттен бастап, олар оқырман арасында сүйіспеншілікке ие болды. Сонымен қоса, осы сәттен кейін біз кітапты жай ғана суреттері бар мәтін ретінде емес, біртұтас полиграфиялық өнер туындысы ретінде қарастыруды үйрендік. Мұнда кітаптың макеті де маңызды әрі үлкен рөл атқарады.
Кітап өнері кітап мәдениетімен тығыз байланысты. Жоғарыда атап өткен әсем безендірулер, жарқын иллюстрациялар, сәнді мұқабалар кітап мәдениетінде де айрықша рөл атқарады. Кітаптағы мәтін арқылы адамда мәдениет қалыптасады. Басылымның тутул бетіндегі мәліметтердің дұрыс әрі стандартқа сай болуы да, кітаптың мәдениетін арттырмаса төмендетпейді. Осы орайда біз кітап, оқу мәдениетінің тұлғаның рухани және әлеуметтік дамуының құралы ретінде қарастырамыз. Өйткені, кітап білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал. Ұлттық мәдени кодымыздың өзі кітап арқылы қалыптасады. Жалпы кітапты мәдениеттен, өнерден алшақ қарастыру мүмкін емес. Өйткені, түрлі өнердің бәрі адамзатқа кітап арқылы насихатталып, тарлан тарихымыздың өзі осы өнер туындысы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Бірақ, қазіргі таңда біз «Мықты дизайнерлер жоқ!» немесе «Мұқабаға ғаламтордан алынған суреттер саламыз», «Кітаптан ақша үнемдейміз» деген желеулер арқылы еліміздегі кітап дүкендері сөрелеріндегі отандық баспа кітаптарының ұзақ өтпей тұратынын ақтайтындай боламыз. Бірақ, бұл дұрыс емес. Ең бірінші, кітапқа салатын қаражатымыз қомақты болса, ол өнер туындысының өз оқырманын табуына жол ашады. Мұқабаға мән бермесек, кітаптың өтуіне кепілдік қалай береміз?!
Кітап оқу мәдениетін насихаттау жөнінде жүйелі іс-шаралар жүргізумен қоса кітапханашылар, жас буынның әдеби, тарихи, көркем ойлау жүйесін ұлттық мүддеге сай қалыптастыру мәселесін де қаперге ұстап келеді.
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»,-деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әр адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтыны шындық.