Жастар арасында ұрпақтар сабақтастығы мен салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында Жастар ресурстық орталығы «Өз еліңді танып біл!» тақырыбында Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасына экскурсия ұйымдастырды.
Ғылыми-әмбебап кітапхана ғимаратын аралаған жастар, алдымен кітапхананың тарихымен таныс болып, сондағы құнды жазбалар жөнінде ақпараттармен қамтылды.
- Бұл кітапхананың ерекше тұстары өте көп. Мұнда қазақ, орыс, ағылшын тілінің кітаптарынан бөлек өзге елдің де 38 тілінде жазылған кітаптарын кезіктіруге болады. Ең ерекше тұсы - мұнда миллионға жуық кітап қоры сақтаулы, - деді кітапхана меңгеруші.
Кітапхана жұмысының ерекшелігі көп, өзіне тән қызығы да, қиындығы бар. Біріншіден, кітапхана қызметі ізгілік қағидаларына негізделген. Қай елге, қай жерге барсаңыз, ақылы кітапхана жоқ. Ол – әлемдегі ақысыз қызмет көрсететін бірден-бір мекеме. Екіншіден, әлеуметтік игіліктерге адамдардың бәрінің қолы жете бермейді. Айталық, жақсы медициналық көмек пен сапалы білім алудың өзі қаржылық жағдайыңызға байланысты. Кітапхана қызметі қоғамның барлық мүшесіне ортақ. Ол адамдарға алаламай, байға да, кедейге де, кәріге де, жасқа да, он екі мүшесі сау адамға да, көмекке мұқтаж жандарға да бірдей қызмет көрсетіледі. Үшіншіден, кітапхана жұмысы – көзге көрінбейтін, бірақ өте ауыр жұмыс. Кітапханашылар үнемі кітаппен жұмыс істейді, оның ішінде кітап тасу (көтеру) сияқты ауыр дене еңбегі де бар. Бұдан тыс үнемі ескі кітаптың шаңын жұтып жүріп жұмыс істеуге, электр нұрының астында ұзақ отыруға мәжбүр. Басқа салада мұндай зиянды ортада жұмыс жасайтындар үшін денсаулығын күтуге арналған әлеуметтік пакеттер бар. Төртіншіден, қазір кітап көп, оқырманға керекті кітаптарды талдап, ұсыну – кітапхананың басты міндеттерінің бірі. Сондықтан кітапхана мамандары ақпаратты талдай алатын қабілетке ие, білікті де білімді болуға тиіс. Бұл үздіксіз тәрбиеленуді қажет етеді. Өкінішке қарай, кітапханашыларда бұл мүмкіндік жоқ.
Кітапхана жүйесі мен тыныс-тіршілігіне қанық болған жастар, алдағы уақыттарда мұнда көптеп келіп тұратындықтарын жеткізіп, естелікке суретке түсті.