ШЫМКЕНТ: ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ 51 015 АЗАМАТ ТІРКЕЛГЕН

ШЫМКЕНТ: ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ 51 015 АЗАМАТ ТІРКЕЛГЕН
Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Исламов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тұрғын үй қатынасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі атқарылған жұмыс пен жоспарлары туралы бөлісті.
Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 51 015 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1915, көпбалалы отбасылар – 13 982, халықтың әлеу­меттік жағынан әлсіз тобы – 17 702, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 17 381, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар 22 адамды құрайды.
2023 жылы жалпы саны 1 687 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, 1407 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 888 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 122 пәтер жетім балаларға, 131 пәтер көпбалалы отбасыларға, 160 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына пайдалануға берілді. Қалған 280 пәтердің 96-сы биыл беріліп, 184 пәтерде алдағы уақытта қоныс тойы тойланады деп күтілуде.
Бұдан бөлек 150 отбасы «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы несиелендірілді. Биыл бұл бағдарлама арқылы 400-ден кем емес отбасыны несиелендіру көзделген.
2024 жылға 200 млн теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған. Бағдарлама бойынша осы жылдың 22 қаңтарынан бастап құжат қабылдау басталып, бүгінгі таңда 215 азаматқа 197,7 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді. 2023 жылы осындай сертификат 148 азаматқа берілген.
Шымкент қаласы бойынша 2024 жылы 2430 отбасының тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп, субсидиялануда. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды асыраушы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады. Төлем тәртібі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіліп, субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. 2023 жылы тексеру жұмыстарының нәтижесінде 500-ге жуық азаматтың тұрғын үйді жалдау ақысының субсидиясы тоқтатылған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ