20 НАУРЫЗДА ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІ ӨТКІЗІЛДІ: АТ ДҮБІРІ ЕСТІЛІП, СПОРТШЫЛАР АТШАБАРДА АТОЙ САЛДЫ

20 НАУРЫЗДА ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІ ӨТКІЗІЛДІ: АТ ДҮБІРІ ЕСТІЛІП, СПОРТШЫЛАР АТШАБАРДА АТОЙ САЛДЫ

20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай, Атшабарда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен ұлттық ат спорт түрлерінен жарыстар өтті.

Іс-шара рухты ән шашумен басталып, қыздар арасындағы конкурдан ашық турнирге ұласты. Сәйгүлікті тізгіндеп, кедергілерден секіріп өткен арулар сайыстың көркін келтірді. Екінші кезекте ат жалынында желпініп өскен саңлақтар теңге ілу жарысында бақ сынады. Бұл ретте білекті жігіттер аударыспақ ойынында өз өнерлерін ортаға салды.

Одан кейін бекзат өнерімізді жанына серік еткен көкпаршылар аламанға шықты. Бұл додада «Адырна» мен «Арғымақ» командалары сайысқа түсіп, тартысты өткен бәсекеде 6:5 есебімен Адырналықтардың мерейі үстем болды.

Мерекелік шарада ұлттық көне ойынның бірі қыз қуу сайысы көрермендерді тәнті етті. Жарыс барысында жігіт қызды қуып жетіп, иығындағы орамалды шығыршықтан суырып алса, кейде бұрылыстан соң қамшы астында қалып жатты.

Ары қарай бәсеке еліміздің көне жауынгерлік ойыны жамбы атумен жалғасты. Ат құлағында ойнаған ұл-қыздар жүйрік тұлпармен шауып бара жатып, белгіленген нысананы көздеді. Осы арада дәстүрлі садақ жарысы ұйымдастырылып, хас шеберлік танытқан мергендер өнерлерін көрсетті.

Сайыс соңында көрермендер асыға күткен бәйге жарысы болды. Жүйріктер жеті айналым шауып өтіп, межелі 14 шақырымды бағындырды. Бұл сайыста бабы мен бағы қатар шапқан «Бегімай» атты арғымақ оқ бойы озық келді.

Айта кетейік, ұлттық спортымызды дәріптеген мерекелік сайыс аяқталған соң, жеңімпаздарды арнайы марапаттау рәсімі өтті.

Жалпы, соңғы уақытта үшінші мегаполис ұлттық спорт түрлеріне ерекше ден қоюда. Мәселен, бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында Шымкенттегі орталық ипподромда Теңге ілуден екінші Азия Кубогының ашылу салтанаты өтті.

Байрақты бәсекеде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Тәжікстаннан келген спортшылар теңге ілудің үш стилі бойынша бақ сынайды.

Ашылу салтанатына ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Теңге ілу федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қатысып, спортшыларымызға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, атшабарда жанкүйерлер, мегаполистің тұрғындары мен қонақтары да ашылу салтанатының куәсі болды.

Жарысты барынша әділ бағалау үшін осы жолы теңге ілу спортының тарихында тұңғыш рет бейне қайталау жүйесі қолданылады. Сонымен қатар, уақытты өлшеу үшін арнайы лазер секундомер пайдаланылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесі отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша Көлік, Қаржы министрліктері...