Түркістан музыкалық драма театрында жаңа қойылым сахналады

Түркістан музыкалық драма театрында жаңа қойылым сахналады
Бүгін бұл туралы Түркістан музыкалық драма театрында өткен У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиялық спектаклінің премьерасына қатысты баспасөз мәслихатында толығырақ айтылды. Жиынға қойылым режиссері Дина Жұмабаева, театрдың көркемдік жетекшісі Шынар Омарова және қойылымның бас кейіпкерлері – Данияс Нұрқабден, Ақбөпе Жеңісбек, Жұлдыз Абдукаримова, Медғат Өмірәлиев және Шерхан Саматұлы қатысты, деп хабарлайды ақпарат агенттігі NO-COMMENT.KZ.
– Бұл қойылымның басты ерекшелігі экперименталды театрда 3 жыл шыңдалған жас актерларымызды басты рөлдерге салдық. Ромео мен Джульеттаны, тағы басқа да рөлдерді театр актерлері сомдайды. Бұл біз үшін үлкен жетістік, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Шынар Омарова.
Кездесу барысында жаңа қойылым туралы қызықты әрі тың ақпараттар баяндалды. Содан соң театр көрермендері мен бұқаралық ақпарат құралдарының сауалдарына жауап берді.
Дина Жұмабаева бұған дейін Қазақстан театрларының сахнасында үш рет сахналаған бұл қойылым Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында готика стилінде сахналанатынын тілге тиек етті. Қойылымның негізгі идеясы Абайдың «Махаббатсыз – дүние бос» деген ұғымымен үндес. Басты кейіпкерлердің махаббатты бәрінен биік қойып, өздерін сол жолда құрбан етуі соның дәлелі. Оған қоса автор қос ғашықтың сезімін қорғауда көрсеткен жанкештілігінің ежелден ерген дұшпандықты да, қоғамдағы шектеулерді де жеңе алатынын көрсетеді.
Театр репертуарына қосылған классикалық шығарманы қазақ тіліне аударған – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев.
Айта кетейік, 4-5 мамыр күндері өтетін қойылымда басты рөлдерді театрдың төл актерлері сомдайды. Ромео рөлінде Данияс Нұрқабден, Мұзафар Ғалымжанұлы және Джульетта рөлінде Ақбөпе Жеңісбек, Нұрай Сайлаубаева. Сондай-ақ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиев, ҚР мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Бегайдарова, танымал театр және кино актері Кенжебек Башаров, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Саяжан Реал Бланко, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Жұлдыз Абдукаримова.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Лю Гочжунмен...