ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өрт шығу қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселесі қаралды, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Жиында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өрт шығу қаупі туындайтын кезеңде ел аумағы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Төтенше жағдайлар министрі баяндамасында әр өңірде ірі өрттерге қарсы күштер мен құрал-жабдық топтамасы әзірленгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, республика бойынша шамамен 50 мың адам және 10 мыңнан астам техника сақадай сай тұр.
«Қазавиақұтқару авиациясының 19 борты тұрақты әзірлік режимінде тұр, оның 9-ы су ағызу құрылғыларымен жабдықталған. Әуеден шолып барлау үшін 120 ұшқышсыз басқару аппараты бар. Сондай-ақ жаңадан республикалық "Орман қорын күзету және қорғау қызметі" құрылды», — деді Ш. Әрінов.
Қазіргі сәтте министрліктің келісімі бойынша әкімдіктер табиғи өрттерді болдырмау жоспарын бекіткен. Былтыр күзде Ақмола облысында төтенше жағдайға ден қою алгоритмін практика жүзінде пысықтау үшін «Ормандала-2023» оқу-жаттығуы өткізілді. Дәл осындай іс-шаралар «Семей орманы» резерватында 15 мамырға белгіленіп отыр. Сонымен қатар барлық өңірде орман шаруашылығы мекемелерімен 53 өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілген.
Бұдан басқа, министрліктің оқу орталықтарында орман күзетінің 1 300 қызметкері оқытылды. Өрт шығу қаупі жоғары кезеңде министрлік 28 орманшылықта механиканың күшімен күзет ұйымдастыратын болады. Осыған ұқсас жұмыстарды экология министрлігі мен әкімдіктер де жүргізуі қажет. Өңірлерде профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр.
Бүгінге дейін орманды дала алаптары мен демалыс орындарында мобильді топтар шамамен 630 адамға 8 млн теңгеден астам айыппұл салды. Әкімдіктерге елді мекендердің өрт шығу қаупі кезеңіне дайын еместігі туралы 2 мың ескерту берілген.
«Биылғы жаз ыстық болады деп болжанып отыр, табиғи өрт қаупі жоғары. Қазірдің өзінде, елімізде 27 орман өрті және 122 жазық даладағы өрт тіркелді. Олардың көпшілігі министрлік күштерінің қатысуымен, оның ішінде авиацияны тарту арқылы ауыздықталды. Осыған байланысты, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктер орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық жоспардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдіктерге шығындарды талап етпейтін, қарапайым өрт сөндіру құралдарын, атап айтқанда, аспалы өрт сөндіргіштер, мотопомпалар, серпімді сыйымдылықтар, өрт сөндіру жеңдері және ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алу қажет деп санаймын», — деді төтенше жағдайлар министрі.
Министрлік ел аумағы мен тұрғындарды табиғи өрттерден қорғау бойынша барлық шараларды қабылдады. Бұл тұрғыда су тасқыны кезеңіндегідей, орман өрттерін сөндіру іс-қимылдарын үйлестіру де орталықтан жүзеге асырылмақ. Ең негізгі басымдыққа сай төтенше жағдай орындарына күштер мен құралдар жедел әрі дереу жіберілетін болады. Егер қажеттілік туындаса мүдделі мемлекеттік органдар тартылады.