ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Еуропа мен Орталық Азия бойынша өңірлік бюросының директоры Беат Андреспен кездесті, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Вице-премьер Халықаралық еңбек ұйымына ең төменгі еңбекақы мөлшерін анықтау әдістемесін әзірлеуде көрсеткен техникалық қолдауы үшін алғыс білдірді. Бүгінде ол жұмыс берушілер мен жұмысшылар өкілдерімен келісіліп, бекітілді. Енді ең төменгі жалақы медианды кіріс пен еңбек өнімділігіне байланысты анықталады. Биыл оның мөлшері 85 мың теңгені құрайды.
Сонымен қатар Тамара Дүйсенова ХЕҰ өкілдерінің назарын платформа арқылы («Яндекс», Glovo және т. б.) жұмыспен қамтылғандардың ісін рәсімдеу бойынша Үкімет атқарып жатқан жұмысқа аударды. Қазіргі таңда «Яндекс» компаниясымен бірлесе пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында салық пен әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептеліп, такси жүргізушілерінің орнына компания арқылы төленеді. Ал платформаға тіркелу үрдісі едәуір жеңілдетілді.
Тамара Дүйсенова Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбоның әлеуметтік әділдік үшін жаһандық коалициясы туралы бастамасын қолдайтынын атап өтті.
Өз кезегінде Беат Андрес Қазақстандағы еңбек және халықты әлеуметтік қолдау саласындағы енгізіліп жатқан жаңашылдықтарға, сондай-ақ ҚР Үкіметі қабылдаған қауіпсіз еңбек пен еңбек нарығын дамыту тұжырымдамаларына жоғары баға берді.
Айта кетейік, ХЕҰ өңірлік бюросының директоры елімізге екі күндік сапармен келді. Оның аясында кәсіподақ ұйымдары және ірі кәсіпорын басшыларымен кездесу жоспарланған.
Сонымен қатар биыл Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбо Қазақстанға сапармен келеді деп күтілуде.