Қалдыбай батыр Қангелдіұлы

Қалдыбай батыр Қангелдіұлы
Жоңғар шапқыншылығында ерлікпен қаза тапқан Шекті Тілеу Айтұлы, Шекті Жолдыаяқ Тілеуұлы батырларды кесенеге алып келіп жерлеген Қалдыбай батыр қайтыс болған соң өзі де осында жерленген.
Қазақ Ордасын жоңғар басқыншылығынан қорғауда көзге түсіп, 1681- 1684 жылдары Сайрам маңындағы соғыстарда ерлік көрсеткен. Қазіргі Өзбекстан жерінде ел билеп, «қарадан шыққан хан» атанған. Пұсырманұлы Қарабас, Жарас батырлардың, Шекті Мөңке бидің ұстазы болған.
Қалдыбай батырдың ата тегін тарата көрсетсек мынандай: Қабақтың бір баласы Қангелді, Қангелдіден Пұсырман, Қалдыбай, Қайыпберді, Жолдыбай, Шіңгір туған. Қалдыбай жайлы ел жадында сақталған әңгіме көп, дегенмен бәрін бұл жерде тізбелеп беруді құп көрмедік. Оның әйгілі Бөртежорға атына байланысты аңыз-әңгімелердің өзі бір төбе. Дегенмен, солардың ішіндегі ең кең тараған бірнешеуін айта кетелік.
Қалдыбай батыр ұзақ уақыт бала көрмей, туған жұртынан арнайы келіп, ағасы Пұсырманнан үлкені Қалыбек деген баласын сұрапты. Пұсырман «көшбасшым ғой» деп бермейді. Онда Жарасыңды бер десе, «жел жағымдағы айбарым ғой» депті. Өмірді сұраса, «ой, бұл жуас, шет жаққа жарамас, мал бағарым ғой» - депті, кезек Сексенге келгенде «шаңырағым емес пе?» дейді. Содан ойланып-толғанып, Қарабас деген баласын берген екен. Арада жылдар өтеді, күндердің күнінде Қалыбек Қалдыбайға сәлем бере барады. Қалдыбай батыр түннің бір уағында оянып, айналасын сипаласа, жанындағы баласы жоқ көрінеді, іздесе Қарабас Қалыбекті құшақтап, ұйықтап жатыр екен. батыр ойға қалып: «Қой, болмас, бұларды бөлмейін»-деп, еліне көшіпті-міс.
Қарабас өле-өлгенше «Қалдыбайдың баласымын»-деген екен. Қалдыбай дүние салып, соңғы әйелін туыстары Қайыпбердіге атастырғанда қағу көрмей бұла өскен Қарабас: «Әкемнің орнын өзгеге бастырмаймын», - деп, ұлан-асыр шатақ шығарып, соңында ақылға әзер тоқтап, сабасына зорға түсіпті. Қалдыбайға бала болып, батасын алған Қарабастың ұрпақтары қаулай өсіп, шетінен жауынгер, өткір, қажырлы болған көрінеді. Көтібар, Арыстан, Есет, Ерназар, Бекет батырлар осының дәлеліндей. Бұған қарағанда, есімі кеңес үкіметі кезінде-ақ Қазақ әдебиеті тарихына еркін енген ақын Сары Батақұлы айтқан:
Мен өзім елден шығып Табын астым,
Табынмен жыл жарымдай араластым.
Баласы сан қазақтың мақтанса да,
Жігіті артық болады Қарабастың,
- деген сөз шындыққа саяды.
Қалдыбайдың әйгілі Сайрам соғысына (1681-1684 жж.) бастан-аяқ қатысуын, Шекті Тілеу батыр Айтұлы, Шекті Жолдыаяқ батыр Тілеуұлы сүйектерін Түркістанға Қожа Ахмет Яссауи дүрбесіне апарып жерленуін ұрпақтары әлі күнге үлгі тұтады.
Бүгінгі таңда, Түркістан қаласындағы бір көше Қалдыбай Қангелдіұлы батырдың есімімен аталады.
Б.Байбол - "Әзірет сұлтан" музей-қорығының бөлім басшысы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне...

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу...